Қалада 350 орынға шақталған радиологиялық корпус ашылды
Онкологиялық ауруды сәулелі әдіспен емдеу Алматыдағы онко-орталығында қолжетімді болды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұнда 350 орынға шақталған радиологиялық корпус ашылды. Оның жұмысымен қала әкімі Бауыржан Байбек танысты. Ол тұрғындарды скринингтік тексеруге және медициналық қызметкерлердің ашықтығына баса назар аудару қажеттігін айтты.
«Медициналық қызмет түрлері халықтың бәріне қолжетімді, қызметкерлері ашық болуы керек. Жағдай жасалып жатыр. Енді медицинаның сапасын да арттыру қажет. Аурухананы да, емхананы да салып жатырмыз, қымбат құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Енді тиімді жұмыс істеу керек», - деді Бауыржан БАЙБЕК онкологиялық орталық қызметкерлеріне.
Жаңа корпуста сәулелі диагностика және терапия, иммуногистохимиялық зерттеу зертханасы және 60 орынға шақталған стационар жұмыс істейді. Қымбат құрал-жабдық ісікті өзге ағзаға зиянын тигізбей сәулемен емдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде 3D сәулелі терапияның 800 сеансы жүргізілген.
«Бұл еліміздегі ең замануи үдеткіш. Қауіпсіздігі өте жоғары. Жіңішке және жалпақ түйін қарастырылған. Аппарат науқастың тыныстау кезінде ісіктің қимылын бақалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған құрал-жабдықта компьютерлік томограф орнатылған. Осы арқылы сәулемен емдейтін орынды қажетті сеанстан бұрын анықтай аламыз», - дейді Алматы Онкология орталығы сәулелі терапия бөлімінің меңгерушісі Евгений ИШКИНИН.