Аңсаған сәби: ЭКО әдісімен дүниеге келген бала саны артып келеді

21.10.2023 00:32

Тәуелсіздік жылдарында олардың саны 30 мыңнан асты

Almaty.tv

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығы мамандарының айтуынша, еліміздегі әрбір алтыншы жұп бедеулікпен ауырады. 45% жағдайда бұл науқастар диагнозды жеңіп, жасанды ұрықтандыру технологиясының көмегімен ғана балалы бола алады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 30 мыңға жуық бала денеден тыс ұрықтандыру арқылы дүниеге келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Дана Өмірбекова 2021жылы ЭКО әдісімен бала сүйген. Үкімет тарапынан 2010 жылы алғаш рет жасанды ұрықтандыру үшін 100 квота бөлінген еді. Ал 2021 жылы Президент тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында биыл 7000 квота бөлінді.

– Тоғыз жылдан бері бала сүю арманым еді. Жеті миллион теңге төлеп, ақылы клиникаға да бардым. Бірақ нәтиже болмады. 2021 жылы квотаға іліндім. Осылай балам дүниеге келді, – деді «Аңсаған сәби» бағдарламасының қатысушысы Дана Өмірбекова.

Бүгінде әлемде құтыдан туған балалардың саны 10 миллионнан асып отыр. Экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы бірінші талпыныстан-ақ бала сүйіп кету әйел адамның денсаулығы мен күтіміне тікелей байланысты. Мәселен, Гүлнұр Молдақова екінші сәбиін осы әдіспен 14 жылдан кейін дүниеге әкелді.

– Жеті ұрықтың біреу ғана дамыды. Осында келіп анализ тапсырдық. Әкежан есімді ұлымды босандым, – деді  «Аңсаған сәби» бағдарламасының қатысушысы Гүлнұр Молдақова.

ЭКҰ арқылы дүниеге келгендердің табиғи жолмен құрсаққа біткен баланың денсаулығынан айырмашылығы жоқ екені дәлелденді. Салыстырмалы түрде қарағанда қолжетімді ЭКО әдісі елімізде медицина туризмінің дамуына әсерін тигізуде.

– Емделушілер Германия, Украина, Қытайдан да келіп жатыр.  Өмірге келген сәби саны көп. Сондықтан да шетелдік пациенттер жиі хабарласады, – деді Репродуктивтік медицина институтының репродуктолог дәрігері Аяулым Қосетова.

Елімізде 1995 жылы алғаш жасанды ұрықтандыру әдісін Салтанат Байқошқарова бастады. Еліміздегі алғашқы репродуктолог-дәрігерлердің бірі Перизат Байқошқарованың айтуынша, соңғы жылдары денеден тыс ұрықтандыру әдісі жетістіктерге жетті.

– Осыдан 28 жыл бұрын ЭКО-дан көтеретін мүмкіндік пайызға шаққанда 10-15 пайыз болатын. Мысалы 10 әйел ЭКО-дан өтсе, содан 1-2 әйел жүкті болатын. Ал қазіргі технологиямен 70-80 пайызы жүкті болады. Не себепті мұндай нәтижеге жетіп жатырмыз? Себебі, технология жаңартылып жатыр. Жасанды интеллектісі бар технологияларды қолданып жатырмыз. Бұрын саусақпен санайтын маман болса, бүгінде олады дайындау ісі қолға алынды, – деді репродуктолог дәрігер Перизат Байқошқарова.

Қазақстанда бедеулікке қатысты ресми статистика өсіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Мамандар отбасы құрғандарға алғашқы 1-2 жылда бала көтермесе, уақыт оздырмай, бірден репродуктолог мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береді.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде медициналық туризм дамып келеді