Офтальмологтар конгресі биыл 500-ден аса маманның басын қосты
Елімізде де көз ауруына шалдығатындар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл туралы «Заманауи офтальмологияның стратегиялық мәселелері және оларды шешу жолдары» конгресінде айтылды. Іс-шараға жиналған жетекші мамандар көз ауруларын емдеудің жаңа әдістері мен инновациялық технологиялары мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жыл сайын географиясы кеңейіп келе жатқан офтальмологтар конгресі биыл 500-ден аса маманның басын қосты. Тәжірибе алмасу алаңына айналған жиында катаракта және шыны безі хирургиясы, глаукома, көздің онкологиялық және қан тамырлары патологиясы сынды тақырыптар қозғалған. Сондай-ақ қазақстандық офтальмологтар қоғамы алғаш рет саладағы стратегиялық маңызды бағыттарды көтеретін сараптамалық кеңес құрды. Олардың қатарына нақты мәселелерді шешуге қатысатын және өз жобасын ұсынатын ең тәжірибелі дәрігерлер қосылған.
– Алыстан жақсы көре алмайтын балалар саны 10 есе өсіп отыр. Көз аурулары бұрын жаңағы 60, 70 , 80 жаста байқалса, қазір жасарып бара жатыр. Ол міндетті түрде өмір сүру сапасына, жүріс-тұрысына байланысты, – деді «Қазақстандық офтальмологтар қоғамы» РҚБ президенті Тұрсынгүл Ботабекова.
Конференция барысында офтальмологияның өзекті мәселелерімен қатар көз ауруларын диагностикалау мен емдеудегі соңғы инновациялар ұсынылған. Әлемнің 10-нан аса елінен жиналған мамандар арнайы көрмеде озық технологиялармен танысуға мүмкіндік алды.
– Мен көздің қабынуына арналған күрделі хирургия туралы баяндама жасаймын. Көз ауруларын ерте диагностикалау бүгінде аса назар аударуды қажет етіп отыр. Сондықтан бұл конгресс – тәжірибе алмасу үшін тамаша алаң, – деді офтальмолог Олег Шиловских (Ресей).
Іс-шараны былтыр 90 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты мен «Қазақстандық офтальмологтар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Конгресс қорытындысында Қазақстандағы офтальмологияны жоғары деңгейге шығаруға көмектесетін шешім қабылданады.
Жансая Олжабек, Мерейлім Қайырболатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Елімізде алғашқы көмек көрсететін 655 нысан салынады