Нейрохирургия саласында 4000-нан аса ота жасады
Марат Серікұлы бұл салада 18 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол 2024 жылы 200-ге жуық ота жасап, оның барлығын сәтті өткізген. Дәрігердің көмегіне жүгінетіндердің көбі - 35 жастан асқан жандар, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
2004 жылы «Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын» бітіргеннен кейін, алғашында ол Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық орталықта нейрохирург болып жұмыс істей бастаған. Ал қазір Алматыдағы №7 клиникалық ауруханада қызмет етеді. Маманның сөзінше, бұл салаға деген қызығушылық балалық шақтан басталыпты.
- Анамның қасында жүруім себеп болған шығар. Өйткені анам аудандық, облыстық ауруханада операциялық медбике болып жұмыс істеді. Сонымен бірге кішкентай кезімде анаммен еріп барып операцияға қатысып, өзім кірмесем де, қасында қарап отыратынмын. Мүмкін, сол себеп болды. Есейген кезімде, мектеп бітіретін уақыт шамасында хирург болатынымды анық білдім, - дейді нейрохирург Марат Алматов.
Бала арман Марат Серікұлын нейрохирургияға жетелеген. Бүгінде ол жұмысына адал қызмет етіп, адал жұмыс істеп келеді. Тіпті, көптің көңілінен де шығып үлгерген.
- Негізі біз 18-ден 80-90 жас деп те айта береміз. Егер қарсы көрсеткіш болмаса үлкен кісілерге де ота жасай береміз. Сондықтан бөліп-жарып айту қиын. Көбіне омыртқа жотасының ауруларына шағымданған жасы 35-тен асқан азаматтар келеді. Остеохондроз, грыжа немесе скалиоз сыңды дертке ұшырағандар, - дейді нейрохирург Марат Алматов.
Дәрігер жедел көмек көрсететін бөлімшеде жұмыс істейтіндіктен, емханаға жарақаттың түр-түрімен келетіндер көп дейді. Олардың арасында омыртқа және бас-ми жарақаттарымен түсетіндер жиі кездесетін көрінеді. Қазір нейрохирург эпилепсиямен күрестің жақсы жүріп жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ маман қажет болған жағдайда күніне бірнеше ота жасайтынын, тоқтаусыз 13 сағат бойы жұмыс істеген кездерінің болғанын да жеткізді.
- Нейрохирургия - хирургияның маңызды бөлігі. Салаға келген адам оған бүкіл өмірін арнайды. Жұмыс барысында да, одан кейін де, үйге барсақ та өз пациентіміздің жағдайына алаңдап, ойлап отырамыз. Таңертең қалай қарсы аламын деген ойлар жиі мазалайды. Бұл қасиет нейрохирург маманында болу керек. Менің ойымша, Марат Серікұлы дәл осы қабілетке ие бірден-бір дәрігер. Жұмыс барысында жиі ақылдасып, тәжірибе алмасып отырамыз. Оның өзін-өзі дамытудан еш шаршамайтыны қуантады. Бірге бір орталықта қызмет етіп жатқаныма қуанамын, - дейді М. Алматовтың әріптесі Марат Мырзабаев.
Марат Серікұлы бүгінде өз ортасында зор беделге ие. Ол бүгінге дейін біліктілігін шыңдап, білімін арттыру үшін Ресей, Аустрия, Финляндия сынды мемлекеттерге де арнайы барып қайтқан. Бар тілегі елдегі нейрохирургия саласы өркендеп дами берсе дейді.
Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.
Оқи отырыңыз:Бір мүдде, бір мақсат: дәрігерлер науқасты мүгедектіктен сақтап қалды