Бұдан былай резидентураның 1500 тегін оқу мүмкіндігінің жартысы жаңа «Отбасылық медицина» мамандарына берілмек
Медициналық оқу орнының интернетурасын тәмамдаған бір топ дәрігерлер Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа резидентураға түсу жолының өзгергендігін айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл жауапты ведомство жеті жыл тегін оқып, екі жылдық нақты сала маманы болам деушілерге грант санын азайтқан. Резидентурада қарастырылған 1500 тегін оқу мүмкіндігінің тең жартысы жаңа «Отбасылық медицина» мамандарына берілмек.
Елордадағы медицина университетінің интернатурасын грантпен бітірген Мөлдір Байларованың не істерін білмей дал. Акушер-гинеколог болам деген ол бүгінде резидентураға түсе алмай отыр. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі тар шеңберлі білімге құжаттарды қабылдауға екі күн қалғанда осындай шешім шығарған. Енді Мөлдір интернатура деңгейінде қайда барарын, қандай жұмысқа тұрарын білмейді.
«Бір ай бұрын ғана Денсаулық министрі Елжан Амантайұлымын кездесу болған. Ол кездесуде резидентураға грант бөлінетіні, міндетті түрде резидентураның қажет ететіндігі айтылған болатын. Енді келіп, грантты алып қойып отыр», – дейді интерн Мөлдір БАЙЛАРОВА.
Ведомство кеше бұл қадамын түсіндірді. Елжан Біртанов бастаған министрлік арнайы хабарламамен резидентурада офтальмолог, кардиолог, акушер-гинеколог, пульманолог сынды мамандардың елімізде тым көп екенін айтқан. Есесіне, терапевт тапшылығы бар. Әсіресе, аймақтарда. Осы олқылықтарды жою үшін енді жаңадан «Отбасылық медицина» деген мамандық қосылады. Биыл бөлінген 1500 гранттың тең жартысы осы жаңа мамандыққа берілген.
«Отбасылық медицина» игеру үшін адам арнайы курстан өтеді. Сонан соң жұмысқа кірісе алады. Бұл кәдімгі жалпы тәжирбелік дәрігер, бірақ білім деңгейі жоғарырақ. Бұл дәрігер тар шеңберлі маманның көмегінсіз түрлі дертті анықтай алады. Бізде медицина қызметкерлерінің 25 пайызы жалпы тәжирбелік дәрігер, қалғаны тар шеңберлі білім иелері. Бұл дұрыс емес. Өзге мемлекеттерде бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін барады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Мөлдір секілді грантпен оқығандарды министрлік кадр тапшылығы сезілетін аймаққа тегін оқудан кейін міндетті үш жылдық жұмысқа жібермек. Жергілікті әкімдер керек дәрігерлер тізімін жолдап қойыпты. Алдағы уақытта денсаулыққа жауапты ведомство резидентураны жұмыс орнында оқи алатындай мүмкіндікті қолға алмақ. Ол үшін үш жақты келісімге отыруға немесе талапкер білім алатын мекеме және денсаулық сақтау басқармасы отыруы тиіс. Министрден ақпарат алған жас дәрігерлер өз құқықтарының тапталғанын айтты.