«СҚ-Фармация» қызметкерлеріне 179 млн теңге сыйақы төлейді. Ал мекеме басшысының айлығы – 1 миллион 300 мың теңге. Бұл туралы «СҚ-Фармацияның» басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv
Айтуынша, былтырдан бастап әкімшілік шығындарды үздіксіз оңтайландырған көрінеді. Осылайша 239 миллион теңге үнемдепті.
«СК-Фармация» сыйақыларға биыл 179 миллион теңге бөлді. Медициналық ұйымдар шеңберінде алсақ, стандартты сома деуге болады. Бұл сыйақының басқарма мүшелеріне қатысы жоқ. Компанияның бұрынғы басшылығының үстінен қозғалған тергеулер аяқталғанша қазіргі басқарма мүшелеріне де жыл сайынғы бонустық сыйақы төленбейді. Өз айлығыма келер болса, оны әрқашан ашық айтып жүрмін, 1 млн 300 мың теңге. Бұдан қолға таза түсетіні мысалы, миллион теңгеге жетпейді», – деді «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.
Бұдан бөлек Ерхат Есқалиев вакциналау науқаны басталғаннан бері «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьютері өңірлерге 4,4 млн доза екпе жеткізгенін айтты. Ал «QazVac» вакцинасының 2 млн дозасын сатып алған.
«Өңірлерге отандық вакцинаның 100 мың дозасы жеткізілді. Келесі жеткізілім маусым айының соңына дейін жоспарланған. Hayat-Vax-тың 1 млн дозасы сатып алынды және өңірлерге жөнелтілді. Бұдан басқа, Sinovac Biotech компаниясы өндіретін Coronavac вакцинасының 500 мың дозасы сатып алынды. Өңірлерге 12 маусымнан кейін жөнелтіледі», – деді «СҚ-Фармация» басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.