Жаңа емханалар, диагностика орталықтары: 2021 жылы Алматыда медицина саласы қалай дамыды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде оңтүстік астанадағы медициналық нысандар 91 пайызға жабдықталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ауыр дертке сапалы диагностика жасау, материалдық-техникалық базаны қамтамасыз ету. Осының барлығы биыл Алматы қаласының тұрғындары үшін қолжетімді бола түсті. 2021 жылы шаһарда бірқатар заманға сай нысан ашылып, озық жабдықтар сатып алынды. Жедел жәрдем қызметінде бригадалар саны едәуір артып, автопарк жаңарды. Жалпы, қала билігі пандемия кезінде денсаулық сақтау саласын дамытуға аса басымдық берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

2021 жылы Алматыда жаңа емханалар салынып, отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар бой көтерді. Заманға сай жабдықтар сатып алынып, диагностикалау ілгеріледі. Одан бөлек, қаланың шеткі аймақтарында медицинаны дамытуға ден қойылды. Биыл Алатау ауданындағы №25 емхана жанында алғашқы модульдік компьютерлік томография орталығы іске қосылды. Бұл инновациялық жобаны отандық компания өкілдері әзірлеген еді. Дәл осындай құрылғы Наурызбай ауданындағы емханаға да қойылды.

«Сапалы, жаңа құрылғы нақты диагноз қойып, сараптама жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүкіл ағзаны тексеруге болады. Яғни, шұғыл жеткізілген немесе жоспарлы түрде келген пациенттер бізде компьютерлі томографиядан өте алады», –  деді №25 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Мазбаева.

Сондай-ақ жақында ғана Алматыда ядролық медицина орталығы ашылды. Соның арқасында онкологиялық патологияны ерте анықтайтын бірегей диагностикалау мүмкіндігі пайда болды. Енді инновациялық мекемеде халық кепілдендірілген медициналық көмек аясында тегін зерттеулерден өте алады. Бүгінде орталық та заманға сай құрылғылармен толық жабдықталған.

«Әлемдік статистикаға байланысты 1 млн адамға 1 ПЭТ аппараты жұмыс істеу керек. Сәйкесінше, елімізде кем дегенде 17-18 аппарат құрылуы керек. Қазіргі уақытта елімізде тек қана 3 орталық жұмыс атқарады. Мұндай аппараттар халыққа өте қажет», – деді Ядролық медицина орталығы радиоизотопты диагностика бөлімінің меңгерушісі, радиолог-дәрігер Ғалымжан Әлішеров.

«Пациент орталыққа келеді, 20 минут ішінде біз денені радиофармпрепаратпен сканерлейміз. Зерттеуден кейінгі екінші күні қорытынды хаттама береміз», – деді «Мединвестгрупп Қазақстан» компаниясының вице-президенті Павел Головин.

Одан бөлек, биыл шаһарда «Асыл Мирас» аутизм орталығы іске қосылды. Мекеме балаларға сөйлеуді түсіну, визуалды қабілеттер мен өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. 6 бағытта жұмыс істейтін орталық 300-ге жуық балаға тегін көмек көрсетуге арналған.

«Орталық аумағы кеңейтіліп, балалар жиһазы мен ойыншықтар сатып алынды. Енді көмекке мұқтаж көптеген баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Ең бастысы, біз әлемде дәлелденген тиімді әдістерді қолданамыз. Себебі олар расымен де нәтиже береді», – деді «Асыл мирас» аутизм орталығының басшысы Юрий Чувашев.

Жалпы, бүгінде оңтүстік астанада медициналық нысандар 91 пайызға жабдықталған. Емханалар мен ауруханалардағы анестезиология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелері де қажет құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Уақытылы көмек көрсету мақсатында жедел жәрдем қызметіндегі бригадалар саны артып, автопарк 70 пайызға жаңарды. Сонымен қатар балалар орталықтарында қосымша корпустардың құрылысы жүзеге асуда.

Аяулым Көлжігіт, Айдана Нұраш, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров