Өкінішке қарай, жыл сайын 124 жеткіншек дертін жеңе алмай, көз жұмады екен
Қазақстанда жыл сайын 400-ден аса бала қатерлі ісікке шалдығады. Олардың 40 пайызынан «ақ қан» ауруы табылады. Тек Алматыда обыр дертімен есепте 2300 жеткіншек тұр екен. Ал 15 ақпан – Халықаралық қатерлі ісік ауруы бар балалар күні. Ерекше датаны кішкентай пациенттер «Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында» атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
10 жастағы Кәусар Тұрарқызына былтыр мамыр айында «ақ қан ауруы» диагнозы қойылған. Өрімдей қыз содан бері бір жыл бойы дертімен арпаласып келеді. Химиялық терапиядан кейін жағдайы біршама оңалған жеткіншектің үміті көп. Өскенде өзін емдеп, өміріне араша түсіп жүрген ақ халатты жандар секілді дәрігер болсам деп армандайды дейді анасы.
«Дәл осы гематолог болғысы келеді. Гематология жөнінде өзі солай айтып жүр қазір. Осы жақта ем біткеннен кейін қызымды Түркияға апарғым келеді. Тағы тексерістен өткізіп, ем қабылдау керек болса, ол жақта да ем қабылдау керек. Сосын ары қарай бізде емдейтін 1,5 жылдық химиялық дәріміз бар. Бір жарым жыл химия дәрі ішеміз», - дейді К. Жарылқапованың анасы Сәбина Изенбаева.
Бүгінде бұл институтта қатерлі ісікке шалдыққан 2300 бала есепке алынған. Әр пациент бір жарым ай көлемінде ем қабылдайды. Ол үшін әлемде кездесетін 8 аппараттың бірі – томотерапия жасайтын құрылғы қолданылады. Кейін оңалған балалар 5 жыл бойы дәрігер бақылауында болады.
Бүгінгі таңда «Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында» обыр дертіне шалдыққан 11 бала ем қабылдауда. Дәрігерлердің айтуынша, 18 жасқа дейінгі жеткіншектерде көбінесе гемобластоз бен мидың қатерлі ісігі жиі кездеседі екен. Жалпы жылына тек осы мекемеде 2 мыңнан астам жеткіншек химия және сәулелі терапиядан өтеді.
Сондай-ақ бүлдіршіндер мен жеткіншектерге жиі қойылатын диагноз қатарында бүйрек пен сүйектің қатерлі ісігі де жиі кездеседі дейді еліміздің бас онкологы. Ал бүгін Халықаралық қатерлі ісік ауруы бар балалар күні болғандықтан, институт ұжымы кішкентай пациенттерге ерекше көңіл күй сыйлап, сыйлықтар тарту етті.
«Балаларға тағайындалған ем-дом шараларының қиын өтуі ата-аналардың жанына батады. Сондықтан науқас балаларымыздың көңілін көтеру үшін осындай кештер ұйымдастырып, тосынсыйлар жасаймыз. Жалпы, балаларда қатерлі ісіктің бар-жоғын ерте анықтау өте маңызды. Ол үшін әрбір ата-ана ай сайын перзентін емханаға апарып, скрининг жасатуы керек. Сонда дерттің алдын алуға болады», - деді «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.
Жалпы жыл сайын еліміз бойынша 14 жасқа дейінгі 400-ден аса бала обыр дертіне шалдығады. Үздіксіз жасалған ем-шара нәтижесінде ғана балалардың 90 пайызы оңалып кетеді дейді дәрігерлер. Өкінішке қарай, жыл сайын 124 жеткіншек дертін жеңе алмай, көз жұмады екен.
Аяулым Көлжігіт, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы