|
18.05.2022 | 21:25
3902

Алматыда апалы-сіңілі қыздарға күрделі ота жасалды

Қазір бүлдіршіндердің жағдайы жақсы

Алматыда апалы-сіңілі қыздарға күрделі ота жасалды Almaty.tv

Жүректеріне бірдей диагноз қойылған бір отбасының екі баласына алматылық дәрігерлер күрделі ота жасады, деп хабарлайды Almaty. tv тілшісі.

Апалы-сіңілі бүлдіршіндер Қызылорда қаласынан келген. Ақ халаттылар қыздардың жүрегіне миниинвазивті, яғни операцияның бірегей жаңа әдісін қолданып, отаны сәтті аяқтаған. Дәрігерлер бүгінде балаларға жасалатын мұндай оталардың артқанын алға тартады.

Қызылордалық Айнұр Нұрымованың қыздарының бірі - үш жарымда, енді бірі - екіде. Екеуінің де жүректеріне туа бітті ашық артериалды өзек деген диагноз қойылған. Яғни жүректерінде тесік бар депті.  Кейін бітеліп кетеді делінгенімен біраз уақыт өткенде қыздары пневмониямен қайта-қайта ауыра берген.

«Пульмонологтар кардиохирургтың кеңесінен өтіңіз деді, сосын диагнозды білдік. Зерттей келе 2-қызымды да тексертім, жүректегі тесік бітелмеген екен. Негізі бала шақалақ кезінде бітеліп кетуі керек. Екеуіне ота жасатайық деп шештік», – деді Қызылорда қаласының тұрғыны Айнұр Нұрымова.

Мұндай отаны елімізде Нұр-Сұлтаннан бөлек Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында да жасайды. Орталықтағы дәрігерлер бірегей операцияны денеге зақым келтірмей жабық түрде сәтті жасап шыққан.  Мұнда 150-ден астам балаға ота жасалып, 100-ден аса сәбидің жүрегі емделеді. Орталыққа Алматы тұрғындарынан бөлек өзге де өңірдің балалары келеді екен. Қазір бүлдіршіндердің жағдайы жақсы. Бірер күнде үйге шығарылады. Дәрігерлер сәбидің жүрегінің тесік болып туылуына тұқым қуалаушылық, әйелдердің жүкті екенін білмей дәрілер ішуі, флюография сияқты зерттеулерден өтіп қоюы әсер етіп жатады дейді.

«Жиі жасалады қазіргі кезде. Жылдан жылға миниинвазивті жасалатын отаның саны көбеюде. Сыртқы ортаның әсері, аналардың аяғы ауыр кезінде вирустық аурумен ауруы іштегі баланың дамуына әсер етіп жатыр», – деді Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының кардиохирургі Ерлан Бейсенбаев.

Медицина мамандары жүрегінде саңылауы бар балалар көбіне вирустық инфекцияға көп шалдығатынын айтады. Өкпесіне көп күш түсетіндіктен тез суық тиіп, бронхит сияқты дертке ұласып кетеді екен. Сондықтан дәрігерлер егер балалар өкпе ауруларымен көп сырқаттана берсе, онда кардиологқа көрінген жөн екенін ескертеді.

Назкен Еркін, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Прямой эфир