Қаладағы әрбір емханада колл-орталық, арнайы құрылған мобильді топтар бар
Алматыда халықты тұмауға қарсы вакциналау жұмыстарына қызу дайындық жүріп жатыр. Екпе егу қыркүйектің ортасынан басталады. Естеріңізге салсақ, осыған дейін биылғы маусымға вакцинаның 430 мың дозасының сатып алынатыны туралы айтылған болатын. Сонымен, екпе кімдерге тегін жасалады? Ал өздігінен тұмауға қарсы вакцина алғысы келген азаматтарға тегін екпе қарастырылған ба? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
№29 қалалық емханада тіркеуде тұрған Несібелі Әмірбекова былтыр тұмауға қарсы екпе алғандардың бірі. Ол елде жұқпалы вирус жүріп жатқан кезде ауырған жоқпын дейді.
«Тұмауға қарсы вакцинаны алғанмын былтыр. Биыл тағы да аламын. Өйткені сол вакцинаны алған соң ба, биыл тұмау болған жоқпын. Тұмаумен ауырған жоқпын, жақсы жүрмін», – деді қала тұрғыны Несібелі Әмірбекова.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға орай вакцина дозалары жылдағыға қарағанда көбейген. Мамандар екпенің бұл түрін жылына бір рет алған дұрыс деген пікірде. Олар екпе салынған адам екпе алмаған пациентке қарағанда тұмаумен өте сирек ауыратынын, сырқаттанса да жұқпалы вирус жеңіл түрде өтетінін айтады.
Қаладағы әрбір емханада осындай колл-орталықтар, арнайы құрылған мобильді топтар бар. Олар қазірден бастап вакцина алатын адамдарға хабарласып екпе туралы ескертіп отырады.
№29 қалалық емхананың дәрігерлері «тұмауға қарсы екпені халық қыркүйек айының соңына қарай ала бастайды» дейді. Вакцина қабылдайтын пациенттердің тізімі де жасалып қойған.
«Олардың ішіне бұл тізімге келесі адамдардан құралған. Олардың ішінде жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған тұлғалар, 60 жастан асқан адамдар мен емхана қызметкерлері осы адамдардан құралған», – деді сарапшы дәрігері №29 қалалық емхананың Айдар Қарабаев.
Ал бұл тізімде жоқ адамдар вакцинаның тегін түрін алғысы келетін болса биылғы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып тізім қайта қаралады яғни қосымша сұраным жасалады. Мәселен былтыр бұл емханада мың жарым адамға тегін вакцина жасалса, енді биыл 3 мың адамға екпе егілмек.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы