МӘМС: елімізде қанша адам жарна төлемеген

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазір осы санаттағы тұлғалар үшін түрлі қызметке шектеу енгізу қызу талқыға түсіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 3 миллионнан аса адам жарна төлемеген. Сәйкесінше, олардың сақтандыру мәртебесі жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол дегеніңіз басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздай қалса тегін ем таппай есіңіз кетеді деген сөз.

«Азаматтардың мұндай әрекетсіздігі – жалпы жүйенің жұмыс істеуіне кері әсер етеді»,- дейді мамандар. Оның үстіне, сақтандырылмаған тұлғаларға белгілі бір шектеу енгізудің ұсынылғаны тағы бар.  

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қазір 16 миллион азамат тіркелген. Мұның 11 миллионы жеңілдігі бар санатқа кіреді. Демек, бұл қатардағы азаматтар үшін қорға ақшаны мемлекет аударады деген сөз. Ал 3 жарым миллионға жуық отандасымыз еңбекке қабілетті болғанына қарамастан, аталған жүйеден тыс қалыпты. Қазір осы санаттағы тұлғалар үшін түрлі қызметке шектеу енгізу қызу талқыға түскен.

«Көлік жүргізу куәлігін алу, сонымен қатар арнайы азаматтық қару-жарақты, оқ-дәрілерді сақтау, өзімен бірге алып жүруге арнайы рұқсатты шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Одан бөлек, азаматтарға қажетті арнайы медициналық анықтамаларды алу мемлекеттік қызметтерін де шектеу қарастырып жатырмыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәмс департаментінің басқарма басшысы Исатай Мыңбаев.

Нақтырақ айтсақ, медициналық сақтандырылмаған азаматтар үшін дәрігерге жазылуда қиындық туындайды. Өйткені, ай сайын жарна төлемеген тұлғалардың көбі ресми тіркелмегенімен, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар екен. Ал расында төлем жасауға қабілеті жоқ, жұмыссыздарды бюджет есебінен сақтандыру да қарастырылып жатыр.

«3 жарым миллион адам өз жарнасын төлемегеннен кейін елімізде жылына 200 миллиард теңгеге дейін қорға түспеуі мүмкін. Жыл сайын 200 миллиард теңгеге медициналық көмек көрсетіп, сапалы қызмет ету қиын», – деді «МӘМС қоры» коммерциялық емес ұйымы Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.

Міндетті жүйенің мүмкіндігін пайдалана алмай отырғандардың көбі – шалғай ауылдағы азаматтар. Үкіметтің ресми сайтында жарияланған ақпарға сүйенсек, мұндай 132 мыңнан аса адамның денсаулығынан кінәрат анықталыпты. Ауылдағы көмекке мұқтаж ағайынның көбі қант диабеті, глаукома, қан айналым жүйесінің бұзылуына шағым айтады.

«МӘМС аясында арнайы жедел жәрдем қызметі, әлеуметтік маңызы бар ауруларына, туберкулез, онкология сынды ауру түрлеріне тегін қызмет көрсетіледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәмс департаментінің басқарма басшысы Исатай Мыңбаев.

МӘМС-ке әлі де мән беру керек. Мемлекет басшысының өзі аталған жүйенің нәтиже көрсетпегенін айтып, салада қордаланған мәселенің көптігін сынға алған. Қазірдің өзі бірқатар ұсыныс қайта қаралып жатыр. Бірақ жарна төлеу – бәрібір, басты талап.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров