Донор тапшы: Орган трансплантациясынан үмітті 4000-ға жуық науқас кезекте тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елде донор тапшылығынан жыл сайын 300-ден астам қазақстандықтың демі үзіледі. Қазақстанда трансплантологияға мұқтаждар саны күрт өсіп жатқан көрінеді. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заңнамаға өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айжанның өмір үшін күресіп жүргеніне 7 жылдың жүзі болды. 2017 жылы оған өзі күтпеген диагноз қойылған. Содан бері бүйрегіне дерт түсіп, аурумен арпалыс басталған. Үміт пен күдік, өмір мен өлім арасында жүрдім деп ағынан жарылды. Донор табылмаса, жарық дүниемен қоштасуы бек мүмкін. Жолы болып, өткен айда ағза табылған. Тап жаңа жыл күнінде мәйіттік донордың бүйрегі сәтті ауыстырылды.

– Диализге тәуелді екенімді кейін білдім. 2017 жылдан бастап 2023 жылдың желтоқсанына дейін диализде жүрдім. Ол өте ауыр процедура. Кім біледі, кім білмейді, басына түскен ғана біледі. Бүйрек жетіспеудің терминалдық сатысы. Мен күту парағына 2020 жылы тұрдым. Содан бері бақылауда ұстап жүрдім, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Айжан Құдарова.

«Трансплантология» термині халыққа таңсық емес. Жұрт жақсы білгенімен, мәйіттік донор туралы түсінік әлі қалыптасып үлгермеді. Ресми дерекке жүгінсек, сыл сайын 300-ден астам қазақстандықтың демі донор тапшылығынан үзілетін көрінеді. Соңғы алты айдың өзінде күту парағында тұрған 111 адам қайтыс болған. Астанада орган трансплантациясынан үмітті 536 науқас кезекте тұр.

– Бүгінгі таңда күту парағында 4000-ға жуық адам бар. Оның 104-і бала. 2023 жылды алатын болсақ, 300-ден астам ағза отасы жасалды. Оның 86 пайызы сәтті шықты. Күту парағында тұрған сол азаматтарды аман алып қалдық. Оларға өмір сыйладық. Бұның ішінде мәйіт донорлығы да бар, – деді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Сейтқазинов.

Дәрігерлердің айтуынша, ағза донорына сұраныс жыл санап артпаса, азаймай тұр. Бүгінде 4 мың адам күту парағына тіркелген. Олардың 3,5 мыңы бүйрек ауруына шалдыққан. Ағза үшін арпалысқа түсетіндердің дені бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек кешеніне мұқтаждар. 2022 жылы небәрі 4 мәйіттік донор 16 адамның өмірін сақтап қалған. Өткен жылдың соңында 2 адамның ағзасы өзгеге өмір сыйлаған.

– Министрліктің жанында жасалған мекемеде регистр бар. Біздің әр кәмелетке толған азамат өлген соң өз ағзасын біреуге береді ме, бермейді ме соған өзінің ойын айтып, жазып қалдыра алады. Ол құжат дәрігерлерге трансплантология кезінде азаматтың ойын білуге мүмкіндік бар, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша науқас донор болуға келісім берсе, туыстарынан да рұқсат сұрау міндетті. Бірақ бұл заң өзгеруі мүмкін. Бүгінде 40 мың қазақстандық ағза доноры болуға ниет білдірген. Оның 6 мыңы өзгеге өмір сыйлауға келіскен.

Кәмшат Мұхамеджан, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданында 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қашан аяқталады


Новости партнеров