«Ғылым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән беріледі». Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатында айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал Қазақстанның еңбек ері Дулат Исабеков мұның жақсы бастама екенін атап өтті. Жазушы «Мемлекет басшысы қойған әр міндетті іске асыруда қазақстандықтардың белсенді үлес қосуы маңызды» дейді.
– Тоқаевтың кешегі интервьюі жайында көп нәрсе айтылған. Әдебиет пен мәдениеті шетке танытамыз деген сөзі ұнады. Мемлекетімнің, ұлтымның дамуы үшін не істей алдым деп ойланыңдар? Иненің жасуындай болса да, үлес қосу керек. Ал күнделікті жұмыс болса, қоғам бір орында тұрып қалады. Егер әр адам осылай ойлайтын болса қоғамның дамуы ерекше екпінді болар еді деп ойлаймын, – деді Қазақстанның еңбек ері Дулат Исабеков.
Ал кәсіпкер, әрі Алматы қалалық мәслихатының депутаты Дулат Тастекеев Президенттің бизнесті ілгерілету, елімізге өзге мемлекеттерден инвестиция тарту туралы бастамасының көңіл қуантқанын айтты. Ол «бұл қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайына оң әсер етіп, тұрмысының тіктелуіне үлкен мүмкіндік» дейді. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында биыл Астанада бірнеше халықаралық форум өткізіліп, әлемдегі алпауыт компаниялардың көшбасшылары бас қосатынын айтқан. Жиын кезінде ел экономикасын әртараптандыру тақырыбы да көтерілмек.
– Экономиканы өсіру дегеніміз табиғи ресурстарды сатып, пайданы көбейту емес, бұл – қазіргі заманға сай заманауи технологияларды елге тарту. Ол жерде тек инвестиция ретінде қаржы тарту емес, осы бағытта қызметін дұрыс қоя білген әлемдік жаһандық үлгідегі кәсіпкерлерді елге тарту керек, – деді кәсіпкер Дулат Тастекеев.
Оқи отырыңыз: Сарапшылар Мемлекет басшысының әлемдік аренадағы бағыт-бағдарын қалай бағалады