Алматыда күн жылынғалы 314 астам адамды кене шаққан

Алматыда күн жылынғалы 314 астам адамды кене шаққан
Улы жәндікке қарсы вакцинация тегін жүргізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Күн жылынғалы Алматыда 1 адам кене энцефалитін жұқтырған. Бұдан өзге 300-ден аса адамды кене шағып, оларға медициналық көмек көрсетілген. Бұл туралы Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары айтты деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кенеден келер кесел көп. Бұл жәндік шаққанда адам орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауыр дерт – кене энцефалитін жұқтырып, мүгедек боп қалуы немесе өліп кетуі де мүмкін. Кенеден тарайтын жұқпалы дерт бұл ғана емес. Кене боррелиозы да жөлек кенелерден жұғады.

Алматыда кеше ғана қауіпті вирус – кене энцефалитімен ауырған бір адам тіркелді. Дәрігерлер науқастың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық дейді.

«Биылғы эпидемиологиялық кезеңінен бастап кене энцефалитінің бір жағдайы тіркелді. Ол –ересек адам. Қазіргі кезде ауырған адамның жағдайы жақсы, ем қабылдауда. Кене энцефалитін жұқтырған адам осы наурыз айында Үндістан елінде болып, оны сол жақта кене шаққан. Келіп бізге медициналық көмекке жүгініп, зертханалық тексеру нәтижесінде ол кісіде кене вирус бар екені анықталды», - дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Эпидемиология бөлімінің бас маманы Бибігүл НҰРҒАЛИЕВА.

Кене шаққан адамның алдымен қызуы көтеріліп, тамаққа тәбеті болмай, беті мен мойны қызарады. Осындай белгілер байқалған жағдайда шұғыл дәрігерге қаралу қажет дейді мамандар. Алматыда жыл басынан бері 314 адамды кене шақса, оның 158-і 14 жасқа дейінгі балалар екен. Олардың барлығына дер кезінде кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин салынған.

Айта кету керек, Алматыдағы барлық травматологиялық пунктте кене шаққандарға тегін әрі тәулік бойы көмек көрсетіледі.

«Барлық зардап шеккендерге профилактикалық шара ретінде иммуноглобулин салынды. Иммуноглобулин кене шаққан күннен бастап 3 күн аралығында салынуы қажет. Тұрғындарға кене шаққан жағдайда міндетті түрде кенені зертханаға апарып, вирустың бар-жоғын анықтау үшін тексеруі қажет», - дейді Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Тілеулес БӨКЕНБАЕВА

Жыл сайын Алматыда кенелердің санын азайту мақсатында барлық саябақ, гүлзарлар мен Алма-Арасан және Медеу шатқалдарында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Себебі, соңғы уақытта тек таулы аймақтар ғана емес, қала ішіндегі демалыс орындарында да кене шағу оқиғалары жиілеген. Әсіресе, мамыр-маусым айларында кене шағуы өрши түседі дейді мамандар. Сондықтан, биылғы кене маусымы басталғалы да залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Табиғи ошақтарға демалуға шыққандарға ескертетініміз, шөпке жатуға болмайды. Сонымен қатар, олар өздерін және киген киімдерін кененің бар-жоғына тексеріп отыруы керек. Үстеріне барынша жабық киім, ашық түсті киім киюі керек», - дейді Бибігүл НҰРҒАЛИЕВА.

Тауға демалуға бара қалсаңыз кенені үркітетін арнайы сепкіштерді де қолдануға болады. Қауіпті жәндіктен қорғанудың ең тиімді тәсілі – екпе жасау. Жалпы вакцинациялау күз-көктемде жоспарлы түрде жүргізіледі. Бұдан бөлек, кез келген тұрғын әсіресе, таулы аймақтар мен саяжайларда жұмыс істейтіндер тіркелген емханасына барып, ақысыз түрде вакцина ала алады. Айта кетейік, өткен жылы 2400-ден аса адамды кене шағып, вирусты кене энцефалитінің 5 жағдайы тіркелген.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, Алматы телеарнасы.

Новости партнеров