Алатау ауданының тұрғындары ұзақ уақыттан бері қордаланған мәселелерін «Алматы» телеарансының тікелей эфирінде аудан әкімі Шахмерден Рыспаевқа айтты. Ал, тікелей эфирге түсе алмаған тұрғындардың жазбаша сауалдарына әкім алдағы бірнеше күнде жауап бермек.
Еске салайық, «Әкіммен ашық әңгіме» жобасының ең алғашқы қонағы Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев болды. Аудан тұрғындары 1 апта көлемінде әкімге сұрақтарын Almaty.tv web-сайтына жазып қалдырған. Барлығы 100-ге жуық сауал жиналып, олардың ең көп дауыс жинаған бесеуі тікелей эфирде әкімнің өзіне қойылды.
Сондай-ақ, WhatsApp-мессенджеріне жүздеген сауал келіп түсті, тұрғындар тікелей эфир кезінде байланыс телефонына хабарласып, кейбірі видеосауалдарын да жолдап жатты.
Тележоба барысында анықталғаны, алатаулықтарды таза ауыз су, жол, қылмыс, үйілген қоқыс,инфрақұрылым мен аурухана-емханалардың жоқтығы, су басу секілді проблемалар көп мазалайды екен.
Ең көп сауал Нұркент, Саялы және Алғабас шағынаудандарынан келіп түскен.
Аудан әкімі болса белсенділік танытқан тұрғындарға алғысын айтып, олардың проблемаларын жақын уақытта шешіп беруге уәде берді. Тіпті, тікелей эфирде айтылмай қалған сұрақтарға да жазбаша жауап береміз деді Шахмерден Рыспаев.
«Алматы» телеарнасы әкімнің уәдесі қалай орындалғаны туралы да арнайы материал әзірлейді.
Еске салайық, «Әкіммен ашық әңгіме» жобасы «Алматы» телеарнасында әр аптаның бейсенбі күндері кешкі сағат 19:30-да басталады. Тележобаның 18 сәуір күні өтетін келесі эфиріне Наурызбай ауданының әкімі келіп, тұрғындардың сауалына жауап береді.