Алматылық дәрігерлер гемофилиямен ауыратын науқасқа күрделі ота жасады

Almaty.tv
Almaty.tv
Дәрігерлердің айтуынша, ауру науқасқа анасы жағынан берілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық дәрігерлер тәуекел етіп, гемофилиямен ауыратын науқасқа күрделі ота жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осылайша 29 жастағы тұрғынды ұзақ жылдар бойы төзіп келген сырқатынан айықтырды. Бүгінде науқас өзін жақсы сезінгенімен, дәрігерлердің жіті бақылауында болуы тиіс. Тұқым қуалайтын гемофилия ауруы Сұңғатта 1993 жылы, яғни дүние есігін аша салған сәтте анықталған. Содан бері арнайы медициналық көмек қажет. Дәрігерлердің айтуынша, ауру науқасқа анасы жағынан берілген.

«Емделмейді. Бірақ тәуекелге бармау керек. Жүгіруге болмайды», – деді қала тұрғыны Сұңғат Қопалов.

29 жастағы азамат – қыз тәрбиелеп отырған әке. Осыдан 3 жыл бұрын тізе буынына қан ұйып, аяғын нық баса алмай қалған. Уақыт өте келе, жүру былай тұрсын, орнынан тұруға да шамасы келмейтін халге жетіпті.

«Ақпан айында мүлдем аяғымды баса алмай қалдым. Секіріп-секіріп жүремін. Ота жасау керек болды», – деді қала тұрғыны Сұңғат Қопалов

Науқас ота жасатуға келген сәтте көп аурухана бас тартқан. Себебі оның туа біткен ауруымен тісін жұлудың өзі өміріне қауіп әкелетін көрінеді. Сондықтан Сұңғат Қалқамандағы ауруханаға барып, ондағы білікті мамандарға қаралған. 2 аптадан кейін операция залына кірді. Дәрігерлердің сөзінше, отаға кіріспес бұрын ол бірқатар тексеруден де өтті. Күрделі ота 1,5 сағатқа созылды.

«Ота кезінде қан тоқтамауы мүмкін болғандықтан арнайы дайындалдық. Гемотологтармен бірге қажетті  препараттарды әзірлеп қойдық», – деді қалалық №7 клиникалық аурухананың ортохирург дәрігері Әділ Жанабергенов.

Науқасқа жасалған ота қарапайым. Бірақ дәл осындай гемофилиямен ауыратын адамға Алматыда ота жасай бермейді.

Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы











Новости партнеров