Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты
Ауылға баратын жас дәрігерлерге көтермелеу жәрдемақысы артады. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, жәрдемақы мөлшері 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейеді. Бұдан бөлек, 2023 жылға дейін ақ халаттылардың айлығы 561 мың теңгеге дейін өспек. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай тарқатады.
Еліміз Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа еңбекақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жетеді деп болжам жасады. Министрдің айтуынша, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен тиісті шығыстар көзделген. Осылайша 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгені, ал 2023 жылы 561 мың теңге болмақ. Бұдан бөлек ведомство басшылығы Президент тапсырмасы бойынша дәрігер тапшылығы мәселесін шешеміз деп отыр.
«Медицина мамандығын оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға артады. Осы ретте медицина қызметкерлерінің біліктілігін халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейге жеткізу үшін келесі іс-шаралар жоспарланған: білім беру қызметтерінің құнын қалыптастырудың жаңа әдістемесін енгізу, мемлекеттік білім беру гранттарын 40 пайызға ұлғайту және медициналық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамының біліктілігін арттыру», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Елімізде медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі 58,2 пайызға жеткен. Мұндай кемшілік жөндеуге жоспарланған қаражатты короновирус инфекциясымен және оның салдарымен күресуге бағыттауға байланысты орын алып отырған көрінеді. Дегенмен ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұрған 13 ауданаралық ауруханаға қосымша тағы 25 ауданаралық аурухана ашу көзделуде.
«Алғашқы медциналық-санитарлық көмектің жақын жерде қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін АМСК-нің 487 нысаны, оның ішінде ауылдық елді мекендерде 137 нысаны салынады. 2025 жылға дейін ескі және апатты медициналық ұйымдар желісін жаңарту үшін 50 жаңа нысан құрылысы жүргізіледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Өңірлерде ана өлімі азаймай тұрғанын аталған министрлік басшылығы тағы сол босандыратын мамандардың тапшылығымен, медициналық техникамен толық жабдықталмаумен, мамандардың біліктілігінің жеткіліксіздігімен байланыстырады. Оған қоса шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету логистикасы пысықталмаған. Кадрлар жаппай жеке клиникаларға кетіп жатқан көрінеді.
Қаламқас Нысанбай