Тараздық инфекционист мамандар: Бұл пневмония бұрынғыдан өзгерек

11.07.2020 00:42

Дәрігерлер – дертті тұмауға теңеп, үй жағдайында ем алып, асқындырып алудан аулақ болуға шақырады

elements.envato.com

Бұл пневмония бұрынғыдан өзгерек. Кейбір инфекционист мамандар осындай пікірде. Дәрігерлер – дертті тұмауға теңеп, үй жағдайында ем алып, асқындырып алудан аулақ болуға шақырады. Себебі  өкпенің қазіргі қабынуы қатерге әкеліп жатыр екен. Жалпы Жамбыл облысында бұл дерттен көз жұмғандар қанша? Жағдай бақылауда ма? Мамандардан кеңес алған Almaty.tv тілшісі Мерей Бает тарқатсын.

Талғат Шымырбай 20 жылға жуық денсаулық сақтау саласында қызмет етіп келе жатқан инфекционист дәрігер. Бүгінде әлемді шарпыған індетпен күресушілердің бел ортасында жүр. Айтуынша, қазіргі кезде өкпенің қабынуы өзгеше ауыр жүріп жатыр. Мәселен, күн сайын ауруханаға медицина маманының кеңесінсіз үйде өзі ем қабылдап, асқындырған 2-3 тұрғын түседі. Сондықтан, әлсіздік пен ентікпе, дененің қызуы, тәбеттің жоғалуы мен иіс дәм сезбеу сынды симптомдарды байқай қалсаңыз, тез арада емханаға қаралған жөн.

«Бұл вирустық инфекция болғандықтан толықтай анықталмаған. Әлі дүниежүзілік салада бұның емі толық келісімге келмеген нәрсе болғандықтан, оны қазір өз бетінше емдеу өте қауіпті. Бұрынғы пневмания бөлек. Жедел респераторлық ауруының салдарынан болатын пневманияда дәл мынандай ағым болмайтын. Және мұндай өлім көрсеткіші деңгейі жоғары болмайтын. Онда науқастар, емделіп ауруханаға жатып, толыққанды емін алып 10 күн ішінде жазылып кететін», – деді дәрігер-инфекционист Талғат Шымырбай

Дәрігер бұрын түрлі антибиотиктердің бұл аурудан айығып кетуге шамасы жететінін жеткізсе, қазір жағдайдың өзгергенін айтады. Дегенмен, емдеуге саладағы ең соңғы дәрмектер пайдаланылып жатыр екен. Деседе, бұл ауруды жұқтырғанның бәрінің жағдайы қиын деген сөз емес. Симптомдардың кейбірі жеңіл түрде өтеді. Ақ халаттылар оларға кеңес алып, оқшаулануды, сонымен қатар су мен сұйық асты көбірек тұтынуды ұсынуда. Жалпы облыста осы уақытқа дейін тыныс ауруларымен ауырғандар санының артқанын мамандар растап отыр.

«Бүгінгі таңда осы індет басталғалы 4 айдың ішінде тыныс аурулар көрсеткіштері 2395 болды, бұл былтырғы 2019 жылдың осы уақытымен салыстарғанда 65 пайызға өскен. Ал, соңғы бір аптаның ішінде мониторинг жүргізсек, стационарлық жүйеде пневмония сырқатымен ауырған науқастар саны 658 болса, бүгінгі күнге 867 науқас тіркеліп, 24 пайызға өсімді көрсетіп отыр», – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Лаура Отарбай  

Өкінішке қарай, тыныс жолдарының ауруына шалдыққан 31 тұрғын көз жұмған. Бұл тек 1 шілдеден бергі көрсеткіш. Аурудың ауыр және тез асқынарын осыдан білуге болады дейді. Сондықтан дәрігерлер барша тұрғындарға сақ болып, ауру белгілерін байқаған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға кеңес береді.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан