«Шұғыла» қайрымдылық қоры Қытайдан тапсырыспен арнайы алдырған
Алматыға 4000 оттегі концентраторының алғашқы легі келді. Оны халықтан жиналған қаржыға «Шұғыла» қайрымдылық қоры Қытайдан тапсырыспен арнайы алдырған. Енді ол аппараттар еліміздің қай өңірлеріне жіберіледі? Әуежайдан арнайы барып күтіп алған Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен толықтырсын.
Кеше кешкілік бортында 540 оттегі концентраторы бар Sandaу Airlines авиакомпаниясының ұшағы Алматы халықаралық әежайына қонды. «Шұғыла» қайырымдылық қоры Қытайдың Сиань қаласынан жалпы саны 4000 аппарат сатып алған. Екі аптаға жетер жетпес уақытта қазақстандықтар қажетті құралды алу үшін шамамен 500 миллион теңге жинаған.
«Министрліктерден көп көмек болды. Денсаулық министрі Алексей Владимирұлынан да көмек болды. Бұл жерге бүкіл халық, мемлекетіміз бар, кәсіпкерлер бар, қайырымдылық қорлары бар, қарапайым адамдар бар ешкім қарап қалмады. Барлығы ат салысып көмектесті», – деді «Шұғыла» қайырымдылық қорының жетекшісі Сәрсенбек Тұрдығұлұлы.
Небәрі 10 күннің ішінде халық жинаған қаражатқа оттегі концентраттарының алғашқы легі де келіп жетті. Оттегі концентраты дегеніміз – өкпесі тарылып, дем жетпей жатқан жандарға жансақтау бөліміне дейінгі ем қабылдау кезінде қолданылады. Осындайдың 4000-ы алдағы уақытта Қазақстанның бүкіл аймағына жеткізілетін болады.
Барлық 4000 мың аппараттың жалпы құны 450 миллион теңге. Оларды Денсаулық министрлігімен келісе отырып, ел бойынша бөлінеді деп көзделуде. Аппараттардың кезекті легі 26 шілдеде бірден Атырауға жіберілмек.
«Ол тікелей Атырауға барып қонады. Атыраудағы батыс аймақтарға тапсырыс берілген оттегі концентраттары таратылатын болады. Осы үлкен іс шараға үлес қосқан бүкіл елжанды азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбай.
Қажетті аппаратты дер кезінде елге жеткізу үшін Үкімет тарапынан да көп көмек болды дейді ұйымдастырушылар. Яғни, мемлекет тауарды салықсыз әкелуге рұқсат берген және сертификаттау мәселелерін жойып, жүктерді жеткізу құнын толық төлеген.
Арнат Дүйсен, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы