Қатерлі ісікпен күресуге отандық медицинаның қауқары жете ме

01.02.2024 03:23

Есепте тұрған 200 мыңнан астам науқастың 31 мыңдайы Алматы қаласында тіркелген

Almaty.tv

200 мыңнан астам қазақстандық қатерлі ісікке шалдыққан науқастар есебінде тұр. Бірақ елімізде онкологиялық дерттің нақты емін зерттей алатын орталық саусақпен санарлық. Себебі ағзада тараған жаман аурудың орналасқан жерін дәл анықтайтын құрылғылар кемде-кем. Ал медицина мамандарының айтуынша, қолданыстағы жаңа жабдықтардың арқасында науқастарға нәтижелі ем тағайындауға, тіпті қатерлі ісіктің салдарын жоюға мүмкіндік пайда болған. Сондай құрылғымен қамтылған орталықтардың үшеуі Алматы қаласында орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдағы ядролық медицина орталығы - онкологиялық есептегі науқастарға бақылау жүргізетін мекеменің бірі. Қызметкерлердің айтуынша, мұнда күніне шамамен 20-30 адам жүгінеді. Арасында өзге өңірден келген науқастар да бар.

– Қызылорда облысынан келіп отырмын. 2021 жылы 1 жасар баламды емізіп жүргенде, кеудем қатып қалды. Содан тексерілдім. УЗИ-ге түстім. Сүт безінің қатерлі ісігі анықталды, – деді Қызылорда облысының тұрғыны Жазира Ізтілеуова.

44 жастағы Жазираның орталыққа алғаш келуі. Алайда арнайы құрылғының тексеруінен бұған дейін 2 рет өткен. Оның айтуынша, бүгінде оңалу бар. Оның жаңа технологияның арқасында, дәрігерлер нәтижелі ем тағайындап, аурудан айығатынына сенімі мол.

Науқастардың ағзасындағы қатерлі ісікті анықтауға жаңа құрылғының көмегі мол. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, жабдық арқылы адам ағзасындағы жаман аурудың қайда орналасқанын және оның қалай өсіп жатқаны, қаупі жайлы ақпарат алынып, дереу зерттеуге жолданып отырады. Соның арқасында жаман аурудың алдын алуға, оны емдеуге мүмкіндік туады.

Құрылғы арқылы арнайы мамандар адамның тұла бойын, 12 мүшесін қарап, рак клеткаларының шоғырланған аумағын анықтайды. Осылайша науқасқа қандай ем қажеті зерттеледі. Дәрігерлердің сөзінше, бүгінде ісікпен күресуге отандық медицинаның қауқары жетеді. Алайда оған уақытылы жүгінетін науқастар қатары аз көрінеді.

– Ең бірінші мәселе – халықтың уақытылы медициналық көмекке жүгінбеуі. Әртүрлі аураларға, «скрининг» деп атаймыз, тексеретін уақыты бар, – деді Ядролық медицина орталығының бөлім меңгерушісі Оңдасын Ақжол.

Медицина мамандарының айтуынша, онкологиялық аурулардың соңғы кезде омырау мен гинекологиялық обыры және асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісігі көп кездесетін болған.

Айта кетсек, Қазақстан бойынша арнайы есепте тұрған 200 мыңнан астам науқастың 31 мыңдайы Алматы қаласында тіркелген.

Оразай Нұртайұлы, Медет Саматұлы, «Алматы телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылықтар тұмауға қарсы тегін вакцина алды