Қазақстандықтардың 70 пайызы сапасыз медициналық көмекке шағымданады

23.04.2022 00:45

Бір жылда 4 мыңнан астам өтініш қаралды

Almaty.tv

Қазақстандықтардың 70 пайызы сапасыз медициналық көмекке шағымданады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова осылай деді. Ол елдегі науқастарды қолдау қызметі 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқанын атап өтіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға басымдық берілуі керегін еске салды. 

«Соңғы бір жылда 4 мыңнан астам өтініш қаралды. 2020 жылы да шамамен осындай деңгейде болды. Өкінішке қарай, тұрғындар 70 пайыз медициналық көмек жайында шағым жазған», – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова.

Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру корының өкілі Ләззат Шоманова «Қазақстан халқына» қорының құрылуы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы мен қаржылық жағдайын жеңілдеткен жоқ деді. Қордың мақсаты басқа деген ол әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы да шетелде емделуге болатынын жеткізді.

«Әлеуметтік сақтандыру қорының өзінің арнайы сайты бар. Сонда көп дерек бар, сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар. Соның ішінде 1406 деген баннер бар. Сол баннерге өздеріңіздің өтініштеріңізді орналастырып, сол жерден жауапты күтуге болады», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының департамент директоры Ләззат Шоманова.