|
30.09.2021 | 19:47
934

Шетелдік хирургтер отандық дәрігерлерге бауыр ауыстырудың бірегей отасын көрсетті

Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 75 жылдығына орай Қазақстан хирургтерінің VII конгресі өтті

Шетелдік хирургтер отандық дәрігерлерге бауыр ауыстырудың бірегей отасын көрсетті

Жарамайтын бауырды алып тастап, орнына жаңасын салатын бірегей ота. Шетелдік хирургтер отандық дәрігерлерге ерекше әдіспен жасалатын трансплантологиялық операцияның қыр-сырын баяндады. Алматыда Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының 75 жылдығына орай Қазақстан хирургтерінің VII конгресі өтті. Конференцияға халықаралық жетекші мамандар қатысып, медицинаның түрлі бағытындағы жетістіктерін бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іргетасы 1945 жылы қаланған А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталық өзінің 75 жылдығын атап өтуде. Мерейтой қарсаңында, Қазақстан хирургтерінің 7-інші конгресі ұйымдастырылып, халықаралық конференция өтті. Жиынға онлайн қатысқан еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой құттықтау сөз сөйледі.

«75 жылда жинаған абыройы бар орталықтың бүкіл дүние жүзіне атағы тараған. Оның бәрі тынымсыз еңбекпен, күрделі операциялармен және ғылыми зерттеулермен келген абйрой. Сол зерттеулерді практикаға енгізу арқылы өз орнын тапқан орталық. Әрине, осы уақытқа дейін 250-ге жуық ғылым кандидаты, 140 ғылым докторы қорғалған. Қаншама мемлекеттік сыйлық лауреаты шықты», – дейді А.Н.Сызғанов атындағы ҰҒХО АҚ басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов.

Конгреске отандық хирургтерден бөлек, Үндістан, Түркия, Жапония, Қытай, Германия, Италия, Израиль, Корея, Ұлыбритания, Украина мен Беларусь секілді елдердің жетекші мамандары қатысты. Олар «Бауыр-ұйқы безі, асқазан-өңеш хирургиялары және аритмология мен анестезиология» секцияларында баяндама жасады. Осы ретте, ресейлік хирург Алексей Чжао бауыр трансплантациясын жаңа әдіспен жүзеге асырудың тиімді жолын ұсынды. 

«Бұған дейін бауырдың трансплантациясы десе, бірегей, өте қиын операция ретінде қабылдайтынбыз. Бірақ қазір күрделі ота арқылы жарамайтын бауырды толығымен алып тастап, орнына жаңа бауыр орната аламыз. Осындай әдістерді тәжірибеде қолдану – бауырдың емделмейтін ауруларын жазуға мүмкіндік береді», – деді А.В.Вишневский атындағы хирургия институты директорының орынбасары (Ресей) Алексей Чжао.

Жиында жапондық хирургтер ота жүріп жатқан бөлмеден тікелей қосылымға шығып, асқазандағы жараны алудың жолдарын түсіндірді. Бұл – емі жоқ деген аурулардың алдын алып, ерте диагностикалауға бағытталған бағдарлама. Өзбекстанның жетекші мамандары осылай тәжірибе алмасу әлемдік медицинаның дамуына оң ықпалын тигізеді дейді. 

«Өзбекстан мен Қазақстан хирургтерін көпжылдық достық пен ынтымақтастық байланыстырады. Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанның медицинасы, әсіресе хирургия мен трансплантология айтарлықтай дамыды. Біз оған өте қуаныштымыз! Енді жиында айтылған баяндамалар тәжірибеде қолданылса, конференцияның мақсаты орындалды деген сөз», – деді Ташкент дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры, хирург-гепатолог (Өзбекстан) Хабибулла Акилов. 

Айта кету керек, зерттеу мен ота жасауда бірталай жетістікке жеткен қара шаңырақ мүйізі қарағайдай шәкірттерді де тәрбиелеген. Орталықтан 3 министр, 8 ректор, 10-ға жуық денсаулық сақтау басқармаларының басшылары мен 20-дан аса бас дәрігерлер шыққан. Бүгінде қаншама жанның дертіне дауа болған орталықта жыл сайын 7000 науқасқа ота жасалады.

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир