|
28.11.2023 | 19:52
3097

Алматыда қызылшаға қарсы екпе 5006 балаға салынды

Мегаполсте ауру жұқтырғандардың 2653 жағдайы тіркелді

Алматыда қызылшаға қарсы екпе 5006 балаға салынды Almaty.tv

Алматыда наурыздан бері қызылша ауруын жұқтырғандардың 2653 жағдайы тіркелді. Соның ішінде ауырған 2084 баланың 95 пайызға жуығы қызылшаға қарсы вакцина алмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ҚР Бас мемлекеттік дәрігерінің қаулысына сәйкес қалада қызылшаға қарсы вакцинаның бар көлемін ескере отырып, 2023 жылдың 10 қарашасынан бастап 6 мен 10 ай аралығындағы балаларды қызылшаға қарсы жаппай иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы тұрғыны Айгерім Берікқұлова ауырып ем іздегенше, дерттің алдын алу мақсатында екпе салуға келгенін айтты.

– Үлкен балам да екпені толық алды. Бүгін өз еркімізбен келіп, қызылшаға қарсы екпе салдырамыз, – деді қала тұрғыны Айгерім Берікқұлова

Ауырған 2084 баланың 1969-ы қызылшаға қарсы вакцина салғызбаған. Елдегі жағдайға қарамастан, екпеге сенбейтін ата-аналар да аз емес. Себебі де әртүрлі.

– Қазір ғаламторда екпенің зияны туралы ақпарат көп. Сондықтан қорқыныш бар. Екпе салу жағын әлі де ойланып жатырмыз, – деді қала тұрғыны Фируза Итахунова.

10 қарашадан бері қалада қызылшаға қарсы екпе 5006 балаға салынды.

Айта кетейік, 1 және 6 жастағы балаларды ұлттық күнтізбеге сәйкес жоспарлы түрде егу әлі де жалғасады.

– Екпе 100 пайыз қорғай алады деп айта алмаймын. Бірақ жеңіл түрде өтеді. Қызылша ауруының асқынуы өте көп. Қарсылық білдіріп жатқан ата-аналар да кездеседі. Бірақ ол кісілерге түсіндірме жұмысын жүргізіп жатырмыз. Негізі екпені уақыты алатын болса бала ауырмайды. Ауырса да, жеңіл өтеді, – деді қалалық №15 емхананың бөлім меңгерушісі Арайлым Төреқұлова.

– Алматы қаласында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Биыл наурыздан бастап қызылшаның зертханалық расталған 2653 жағдайы тіркелді. Басым бөлігі қызылшаға қарсы егуден ата-аналары бас тартқан. Тағы бір бөлігі медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе салмағандар және егу жасына жетпегендер, – деді Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова.

Қаладағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында қызылша, қызамық, паротитке қарсы вакцинаның 70 000-нан аса дозасы бар. Яғни әзірге жеткілікті.

Үндістанда өндірілетін бұл вакциналар елімізде 2012 жылдан бері қолданыста. Осы уақыт ішінде екпенің аталған түрі тиімділігі ме қауіпсіздігін дәлелдеді.

Еске салайық, бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайылов дертпен күресу үшін тиісті жұмысты күшейтуді тапсырды. 5 желтоқсаннан бастап 2-4 жастағы балалар мен медицина қызметкерлерін қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүргізіледі.

Жансая Олжабек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қызылша ауруына шалдыққан 30 бала жансақтау бөлімінде жатыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир