Алматы қалалық кардиология орталығында Литвадан келген әйгілі профессор мастер-класс өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Римантас Бенетис шеберлік сыныбында жүрек қақпақшаларын сақтайтын операциялардың қазіргі мүмкіндіктерін көрсетті. Америка мен Еуропаның жетекші клиникаларында жұмыс істеген профессордың бұл орталыққа осымен екінші рет келуі. Шеберлік сабағына алматылық кардиохирургтермен қоса, өзге өңірлерден келген дәрігерлер де қатысты.
Профессор Римантес Бенетис күрделі отаның қыр-сырын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп жатыр. Таңертең басталған операция бірнеше сағатқа созылды. Дәрігерлер жас келіншектің жүрек қақпақшасына пластикалық ота жасады. Енді ол еш алаңсыз өмір сүрмек. Әйгілі еуропалық кардиохирург бұған дейін дәл осындай мастер-класты желтоқсан айында өткізген.
«Бүгінгідей ота жасағанда жүректі уақытша тоқтатып, жасанды қан алмасуды іске қосамыз. Бұл операцияны сапалы орындау үшін міндетті түрде арнайы білім мен тәжірибе керек. Дәрігер жүрек қақпақшаларындағы ақауды тауып, оны қалай қалпына келтіру керектігін білуі қажет. Маған бүгінгі шеберлік сабағына қатысқан жас дәрігерлердің құлшынысы мен қызығушылығы ұнады», – деді Каунас кардиохирургия клиникасының директоры, профессор Римантас БЕНЕТИС (Литва).
Жас мамандар мен әлі оқып жүрген резиденттер үшін әлемдегі ең үздік кардиохирургтің күрделі отаны қалай жасағанын бастан-аяқ көрсететін бейнеконференциясына қатысу – үлкен олжа деуге болады. 45 жылдық тәжірибесі бар профессор мұндай отаның жылына 300-ге жуығын өткізеді екен. Ал Алматыдағы екі күн ішінде ол 4 науқастың жүрегіне күрделі операция жасайды.
«Мұндай операциялар аз да болса біздің орталықта жүргізілетін. Бірақ өз ісінің шебері саналатын майталман профессор арқылы операция жасау осындай операциялардың қыр-сырын толық меңгеруге және ондай операциялардың сапасын жақсарту үшін істеліп отыр. Бұл жерде залдан немесе операциялық блоктан бір-біріне сұрақтар қойып, пікір алмасуға және осы операцияның қыр-сырын меңгеруге толық мүмкіндік болады», – дейді Алматы қалалық кардиология орталығының директоры Алмат ҚОДАСБАЕВ.
Жүрек қақпақшаларының пластикасы мен қолқа қақпақшасын жасанды протезбен ауыстыру – ұзақ уақыт жасалатын операция. Әр науқастың отасы өзінше ерекше дейді дәрігерлер. Ал бүгінгі технологиялар операция бөлмесіндегі жағдайды болашақ дәрігерлер мен жас мамандарға онлайн режимде көруге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, Алматы қалалық Кардиология орталығына жыл сайын 15 мыңдай адам медициналық көмекке жүгініп келетін болса, соның 10 мыңы орталықта стационарлық ем алады. Ал 5000-нан астам науқастың жүрегіне түрлі оталар жасалады.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы