Белгісіз дерт: Астанада 11 жастағы қыздың тамағына шаш өскен

10.04.2024 01:21

Елордалық дәрігерлер қандай диагноз қоярын білмей дал

Unsplash

Астанада 11 жастағы қыздың тамағы мен тістерінің арасына шаш өскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақмарал Шалабаеваға 14 наурызда қызы тамағының ауырғанын айтыпты. Алғашында ангина шығар деп ойлаған. Кейін тексеріп қараса, қап-қара шаштардың өсіп тұрғанын көріпті. Абдырап қалған ана бірден жедел жәрдем шақырған.

– Лор тексерді. Басқа дәрігерлерге звондады. Ешкім ештеңе білмейді. Бір кезде алды да пинцетпен жұлды. Бір қарағанда 5 милиметр көрінгенмен, 2 сантиметрге дейін созылады әрі көп, – деді қала тұрғыны Ақмарал Шалабаева.

Ақмарал Шалабаеваның айтуынша, шаш тамағымен қоса, ауыз қуысында, тістерінің арасында да пайда болған. Елордалық дәрігерлер 11 жастағы қызға қандай диагноз қоярын білмей дал. Тіпті мұндай ауру түрін емдейтін әдіс те жоқ. Ақ халаттылар бірнеше рет консилиум өткізген. Қазір жеткіншек бейінді мамандардың тексеруінен өтіп жатыр.

– Бұл феномен әлі белгісіз. Яғни, әлемде феноменнің аты қойылмаған. Сондықтан әлі де бір шешімге келу мүмкін емес, – деді қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Ақай.

Ал Ақмарал Шалабаева сараптама қорытындысын алып, шетел мамандарына жүгініп көрген.

– Ресей, АҚШ, Қытайғадағы дәрігерлерге сөйлестік. Бүгін таңертең Испанияға хабарластық. Жауабын күтіп отырмын. Қытайлық дәрігерлердің айтуынша, бұл – өте сирек кездесетін аурулардың бірі. Олар ота жасау керек екенін жеткізді, – деді қала тұрғыны Ақмарал Шалабаева.

Ақмарал Шалабаева – алты баланың анасы. Осы уақытқа дейін біреуі де қатты ауырып көрмеген. Ал ауыз қуысына шаш шыққан қызы – егіздің сыңары. Ем іздеген ана елордалық дәрігерлерден жауап күтеді.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астанадан

Оқи отырыңыз: Өңірлерде халыққа психологиялық көмек көрсетіледі