|
21.07.2023 | 20:03
3414

Алматы облысында әйелдер ауруханада босануға мәжбүр

Жабылған перзентхананы қашан жөндеп, қашан газ тартып бітетіні белгісіз

Алматы облысында әйелдер ауруханада босануға мәжбүр Иллюстративное фото o-tendencii.com

Алматы облысында аяғы ауыр әйелдер перзентханада емес, науқастар бар ауруханада босанып жатыр. Толғағы келген келіншектер Есіктегі талай нәресте дүниеге келген ғимараттың аяқ асты жабылып қалғанына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының басшылығы 3 қабатты нысан күрделі жөндеуге жабылғанын айтты. Бірақ сыртынан қарап ғимаратты апатты жағдайда деп айта алмайсың. Жергілікті дәрігерлердің сөзінше, перзентхананы көшірмес бұрын әкімдікке хабар айтқан. Барлығы заңды дейді.  

– Қазір нысанға күрделі жөндеу жүргізуге және газ тартуға дайындық жүріп жатыр. Перзентхана 2005 жылы салынғандықтан аурухана әкімшілігі осындай шешімге келді. Барлығы ауруханаға ауыстырылды. Бұдан аудандық әкімдік те, облыстағы басқарма да хабардар, – деді Еңбекшіқазақ көпбейінді орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары Әлия Омарбекова.

Перзентхана жабылғалы аяғы ауыр келіншектер осы ауруханада босанады. Оларды балалар бөлімі, терапия мен хирургия бөлімі болған орынға орналастырған. Басшылығы бәріне орын жетеді деп сендірді, бірақ аяғы ауыр аналардың өзі оны жоққа шығарды.

– Мен бекер көшіріп әкелді деп ойлаймын. Өйткені ол жақ кең еді. Енді мұнда келдік, айналатын жері жоқ. Кішкентай ғана, алдында өзім де көрдім. Бір рет жалған толғақпен түскенмін, – деді Есік қаласының тұрғыны Айгүл Мұқатаева.

– Бізге «осында босанасыңдар» деген хабарлама келді. Перзентхана жақсы еді. Бөлек тұр. Мына жерге 14 шілдеде көшкен, – деді Есік қаласының тұрғыны Балзия Қалмаханова.

Жабылған перзентхананы қашан жөндеп, қашан газ тартып бітетіні айтылмады. Халық арасында «ғимаратты басқа мақсатта пайдаланбақшы» деген сыбыс та тараған еді. Бұған қатысты аурухана басшылығы нақты жауап бермеді. Айта кетсек, Еңбекшіқазақ ауданында 1500-ден астам аяғы ауыр ана тіркелген. Ал жақында ғана ауруханада ашылған босандыру орталығында 75 орын ғана жоспарланған. Қазірдің өзінде онда 68 әйел жатыр.

Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир