Елімізде коронавирустан кейін туберкулез ауруы өршіп кетуі мүмкін

14.05.2022 01:05

Мамандардың айтуынша, науқастарды емдеп шығуға мүмкіндік бар

Almaty.tv

Елімізде коронавирустан кейін туберкулез ауруы өршіп кетуі мүмкін. Бұл туралы ұлттық  фтизиопульмонология орталығының мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сарапшылардың айтуынша, індет жұқтырған науқастар сауығып кетсе де олардың бойында иммунитеттің төмендеуі байқалған және оның өкпе құртын қоздыру ықтималдылығы жоғары.

Қазақстанда соңғы 5 жылда 104 мыңға жуық адам туберкулезден емделіп шыққан. Жылдан жылға ауру жұқтыру азайып келеді. Десе де еліміздің Атырау, Маңғыстау облыстарында бұл мәселе басқа өңірлерге қарағанда өзекті. Дін жолында жүрген азаматтардың кейбірі өзі түгілі балаларына екпе салдырмайды дейді мамандар. Нәтижесінде вакцина алмағандардың 10 пайызы туберкулез жұқтырған. Өкпе құртына шалдыққандар үшін жергілікті әкімдік тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіледі екен.          

«Әлеуметтік қолдау әр жерде әртүрлі. Кейбір облыстарда Атырау, Қызылорда, Жамбыл облысын айтар болсақ, 10 АЕК көлемінде көмек беріледі. Кейбір жерде әлі шешілмей жатыр», – деді  Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының департамент жетекшісі Панагүл Жазыбекова.

Мамандардың айтуынша, туберкулез бастапқы сатысында қауіпті емес. Оны тек флюрография арқылы анықтауға болады. Ал ауру ашық формаға ұласып кетсе, оны өзгелерге жұқтыру мүмкіндігі жоғарылайды. Өкпе құрты ауруына коронавирус инфекциясы қосылса, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

«2017 жылдан бастап осы жаһандық қордан бізге жаңа препараттар бөліне бастады. Олардың көмегі зор. Біз қазіргі таңда дәрінің төзімділік түрін пайдаланатын науқастарды емдеп шығуға толық мүмкіндігіміз бар», – деді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының бөлім меңгерушісі Сағит Бектасов.

Бүгінде Ұлттық фтизиопульмонология орталығының құрылғанына 90 жыл. Мекеме басшылығы атаулы датаны атап өту мақсатында алдағы қыркүйек айында халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отыр.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы