Сау сәбиімді өлтірді: 6 айлық баласынан айырылған ата-ана дәрігерді кінәлап отыр

Из открытых источников
Из открытых источников
Қара жамылған ата-ананың айтуынша, баланың қызуы көтерілгенде ауруханаға бірден қабылдамаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Сау сәбиім дәрігерлердің қолынан өлді». Алматы облысындағы ауруханада шетінеп кеткен 6 айлық баланың ата-анасы осылай шағымданып отыр,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың айтуынша, ақ халаттылардың салғырттығынан шақалақтың денсаулығы нашарлап, ақыры көз жұмған.

– Олар ұсынған дәріні алдым, жақсы көмектеседі деген еді. Баланың өліміне себеп болды. Нұсқаулықтағы «3 жастан жоғары» деген мәтінді кейін оқып қалдым. Аяғы ауыр әйел мен кішкентай бала ішсе, аллергия беретіні анықталды, – деді  баланың анасы Бибігүл Байгелова.

Бауыр еті баласынан айырылған ана зарынан ауыр дүние жоқ. Үйдің кенжетайынан айырылған отбасы бүгін де тым-тырыс. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана 6 айлық баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, еңбектеп, тәй-тәй басқан сәбидің Шамалғандағы ауруханада жағдайы нашарлай түскен. Үш күн ауруханада жатқан баланың денесін мәйітханадан алған.

– 21 шілдеде түстік, 23 шілдеде баланы шетінетіп берді. Бар болғаны 3 күннің ішінде сондай жағдайға алып келді. Ешқандай қағазсыз «сойдырмаймын» деп ем, сол күні 1 сағат ішінде денесін қолыма бере салды, – деді баланың әкесі Ербол Өстемір.

Қара жамылған ата-ананың айтуынша, баланың қызуы көтерілгенде ауруханаға бірден қабылдамаған. Аудан ауылға, ауыл ауданға сілтеген. Ауру асқынғанда ғана сәбиді бақылауға алып, ем-дом жасауға кіріскен көрінеді. Анасының айтуынша, дәрігерлер түрлі дәрі алдырған. Соның бірін тек 3 жастан кейін ғана қолдануға болады екен.

– Ауруханада толық көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, 23 шілдеде бала қайтыс болды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қорытындысын аяқталған кезде айтамыз, – деді Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Дәулет Қожақов.

Бұл – Қарасай ауданаралық аурухананың жауабы. Олар айтқан тексерістің нәтижесі қашан шығары белгісіз. Ұлынан айырылған әке өлімге себеп болғандар жазадан жалтарып кетпес үшін заңгерден кеңес алып, құзырлы органдарға да жүгініп отыр. Министрлікке де сауал жолдап қойған.

Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Түркиядағы жол апаты: зардап шеккен екінші қазақстандық көз жұмды

Новости партнеров