|
26.05.2023 | 17:02
4438

Қалай сүйек кемігінің доноры болуға болады

Қазақстанда 600-ге жуық бала дің жасушаларын трансплантациялауды қажет етеді

Қалай сүйек кемігінің доноры болуға болады Иллюстративное фото ridus.ru

Елімізде сүйек кемігінің доноры тапшы. Жыл сайын Қазақстанда 600-ге жуық бала дің жасушаларын трансплантациялауды қажет етеді. Ал мұндай жәрдем түріне көпшіліктің құлқы жоқ көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Майра Қабақованың 3 жасар немересі қанның қатерлі ісігіне ұшырап, одан енді айыққанда, сүйек кемігі ауруына шалдығады. Трансплантация қажет екенін ескерсек, мұнда донор тапшылығы мәселесі туындаған.

– Мен ата-ана ретінде туған-туыс, әріптестерім, достарымның басын қосып, игі бастаманың негізін қалағым келеді. Мұндай ауруға тек балалар емес, ересектер де шалдыққан. Осы сүйек кемігі бойынша ұлттық тіркеменің қатарын толықтырғым келеді. Негізі көпшілік донор болудан қорқады, – деді қала тұрғыны Майра Қабақова.

Мамандардың айтуынша, сүйек кемігіне донор болу – қауіпті емес. Іс жүзінде тұрақты қан тапсырумен бірдей. Жанама әсері жоқ, ал донорлық материалдың көлемі 7-10 күн ішінде қалпына келеді екен.

– Тек балалар емес, ересектер де осы ауруға шалдығып, шетелде ем алып жатады. Әрине, өз кезегінде ол да көп қаражатты талап етеді. Сондықтан бізге донорлардың ұлттық тіркемесін ұлғайту керек. Бұл – маңызды дүниенің бірі, – деді медицина ғылымдарының магистрі, психология ғылымдарының кандидаты Ильмира Құсайынова.

Ұлттық тіркеменің статистикасына сүйенсек, дәл қазір 300-ге жуық отандасымызға трансплантация қажет екен. Олардың тең жартысы – балалар. Ал 2018 жылдан бері елімізде бар болғаны 8 cүйек кемігі жасушалары ауыстырылған. Себебі науқасқа генетикалық тұрғыда жақын адам табу өте қиын.

– Жұмыстағы әріптесіміздің баласы лейкоз ауруына шалдыққан екен. Ортақ чатқа жазған болатын, мен сол балаға көмектесуге келдім, – деді қала тұрғыны Нұрсейіт Қаримола.

Дің жасушаларын жинамас бұрын донорды дәрігерлер толығымен тексереді. Егер оның денсаулығына зияны тиетін болса, онда ол донор бола алмайды. Ал кез келген кезде сүйек кемігін беру туралы ойыңызды өзгертсеңіз, жауапқа тартылмайсыз, тек дәрігерлер әлеуетті донорлар тізімінен сізді алып тастайды. Бірақ бір науқастың сауығып кетуіне сіздің де септігіңіз тиюі мүмкін екенін ұмытпаңыз.

Гүлмарал Изатқызы, Адель Акжаркенова, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир