|
29.05.2024 | 20:10
1892

Алматылық студент сиқырлы білезік ойлап тапты

Стартап жоба созылмалы ауруы барларға таптырмас құрал

Алматылық студент сиқырлы білезік ойлап тапты Аlmaty.tv

Алматылық студент алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін білезік жасап шығарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жылдам жәрдемдесуге ықпал ететін құрылғыда науқас туралы барлық ақпарат жинақталады. Стартап жоба созылмалы аурулары, ұстамасы бар азаматтарға және неврологиялық науқастарға таптырмас құрал.

Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің 6-ыншы курсын тәмамдаған Аружан Қалиханова - таптырмас білезіктердің авторы. Мұндай жобаның идеясы оған көшеде құлап қалған адамға көмектесе алмай қалғанында келіпті. Науқаста қандай диагноз барын білмеген соң қол ұшын соза алмаған. Оның айтуынша, бұл тек адамдарға ғана емес, жедел жәрдем қызметкерлеріне де жәрдем болады.

- QR-кодті сканерлеу арқылы жедел жәрдем дәрігерлері адамның медициналық ақпаратын біле алады. Яғни, аты-жөнін және дәрілерге аллергиясы немесе созылмалы аурулары, жедел түрде көмек көрсету аурулары болса, біле алады, - дейді жоба авторы Аружан Қалиханова.

Мұндай жобаның баламасы әлем елдерінде де кездеседі. Бірақ біздегі цифрлық экожүйе функционал жағынан үлкен артықшылықтар беріп, сол арқылы ерекшеленді. Осылайша, науқастың электронды медициналық картасындағы ақпаратқа қол жеткізу жоспарланып отыр.

- Бұл жобаның артықшылығы көп. Әдетте жедел жәрдем қызметкерлері де науқастың кім екенін, қандай дәрі-дәрмекке аллергиясы барын білмей абдырап қалады. Білезіктерге қазір Еуропадағы әріптестерім де қызығушылық танытып отыр. Себебі, бұл диагностикалық процесті әлдеқайда жеңілдетеді, - дейді тромбокардиолог, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі Ахметжан Сүгірәлиев.

Елімізде бүгінде деменция, аутизм сынды түрлі неврологиялық дерті бар 365 мыңға жуық бала мен 440 мыңнан аса ересек тіркелген. Ал эпилепсиямен ауыратындардың саны - 90 мыңнан асады. Сондықтан білезік осы санаттағы науқастарға таптырмас құрал болмақ.

- Туыстары осындай науқастардың күртешелеріне телефон нөмірін жазып қоятынын көрдім. Бірақ ол қағаз түсіп қалуы және көрмей қалуы мүмкін. Сондықтан қолында осындай білезік болса, құлау кезінде  автоматты датчик іске қосылып, мекенжайы анықталады. Әрі жедел жәрдемге сигнал жіберіледі. Бұл бізде SOS сигналы деп аталады, - дейді жоба авторы Аружан Қалиханова.

Әлі дайын өнім ретінде ұсынылмаса да, білезікке науқастар мен ауруханалардан жиі сұраныс түседі екен. Енді қаржылай қолдау тапса, 1 жылдың ішінде барлық функциясын іске асыру көзделген.

Жансая Олжабек, Медет Саматұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Игі бастама: электронды үкіметті жетілдіру қарастырылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир