Spina bifida: Алматыда 9 балаға бірегей ота жасалды

15.12.2023 01:13

Операцияны әлемге әйгілі уролог дәрігер Имран Муштак өткізді

Almaty.tv

Алматыда балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығында 9 балаға бірегей ота жасалды. Олардың несеп-жыныс жүйесін қалпына келтіруге және пластикалық хирургияға бағытталған операцияны әлемге әйгілі уролог дәрігер Имран Муштак өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш баланың анасы Айман Нәдірбаеваның тұңғыш қызы Әминаға туған кезінде Spina bifida диагнозы қойылған. Оның айтуынша, ем-дом іздеп, бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Бүгін ұзақ жылдан бері сұраған дұғасы қабыл болып, білікті мамандардың бірі қызына күрделі отаны жасады.  

– Бұл – дәрігерлердің де, ата-ананың да тәуекелге баруын міндеттейтін операция түрі. Қызым туылғалы ем іздеп бармаған жерім жоқ. Екі жыл бұрын Кореяға жазғанымда кемі 30 миллион теңге сұрады. Қазір қызым 15 жасқа толды. Отадан кейін сауығып кетеді деп үміттенемін. Елімізде мен сияқты аналар көп. Мамандарды тегін шақыртып, мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз, – деді науқастың анасы Айман Нәдірбаева.

Білікті дәрігер Имран Муштак әріптестерімен бірге кеңес беріп, жоспарланған кесте бойынша балаларға операция жасады.  

– Аталған диагноздардың әртүрлі деңгейі бар. Ота жасалмаса, балаларда зәр дұрыс шықпай, есейіп, үлкен өмірге қадам басқанда қиналатын болады. Біз жыныс мүшесі дұрыс дамымаған, несеп жүйесінде ақауы бар балаларға ота жасадық. Олардың болашағын ойлаған жөн. Мұндай шеберлік сабағын ұйымдастыру дұрыс шешім болған, – деді хирург-уролог Имран Муштак (Ұлыбритания).

– Шеберлік сағаты барысында 9 балаға ота жасалды. Сегіз балаға гипоспадия отасы, ал бір балаға нейрогенді қуық диагнозына ота жасалды. Гипоспадия – сыртқы зәр шығару тесігінің дұрыс орналаспауы, – деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы урология бөлімінің меңгерушісі Азамат Раев.

Мамандардың келуі дәрігерлер үшін көмек. Олар алдағы уақытта ота барысында үйренген әдістерін енгізуді жоспарлап отыр.

Науқастарды іріктеу кезінде елімізде сирек жасалатын немесе мүлде жасалмайтын ота түрлері таңдалған. Науқас балалар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген.

– «Балаларға өмір сыйла» жобасы елімізде емделмейтіндерге көмек көрсетеді. Соңғы жылдары шетелдік мамандарды алдыруға басымдық беріп жүрміз. Себебі балаларын шетел асып емдетуге көп ата-ананың қаражаты жете бермейді. Шеберлік сабағы аясында 2 мен 17 жас аралығындағыларға ота жасалды. Балалардың болашағына бей-жай қарамай, біздің қоғамдық қорға қолдау көрсеткен барша отандасымыз бен мемлекетке алғысымызды білдіреміз, – деді «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қорының директоры Аружан Саин.

Дәрігерлердің айтуынша, отадан шыққан науқастардың қазіргі жағдайы жақсы. Балалар бөлімшеде ары қарай ем алуды жалғастыра бермек. Ота түрі күрделі болғандықтан, олар ерекше күтімді қажет етеді.

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: 2023 жылы Алматыда қанша отбасында егіз дүниеге келді