Түркістандық келіншек дәрігердің тиісті жазасын алуын талап етуде
Соқырішекті емдейміз деп қызымды қуықсыз қалдыра жаздады. Осылай деп зар жылаған Түркістандық келіншек дәрігерлердің жазасыз құтылғанына наразы. Әділдік іздеп қақпаған есігім қалмады деген әйел енді жасөспірім қызына 2 ай ішінде төртінші ота жасатуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Дәрігерлер маған ішінде майлық қалып кеткен ба, білмейміз. Қызыңыз өте ауыр халде. Қуыққа дейін ірің басып кеткен - 80 см ішекті қуықтан ажыратып, алып тастадық деп айтты», - дейді қала тұрғыны Динора Абдусаметова.
Түркістандық Динора Абдусаметовадан маусымнан бері маза кеткен. 12 жастағы қызы Лейла Хамитова жаз басында соқырішекпен Түркістан қаласының балалар ауруханасына түсіпті. Бірақ аурудан айығып шығудың орнына, керісінше қызуы қайта-қайта көтеріліп, бір отадан кейін тағы екеуі жасалғанын айтады.
Дәрігерлерін салғырттығынан балам денсаулығынан айырылды деген келіншек шағымын айтып сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіне де арызданған. Алайда ондағылар сөгіс жариялаудан әрі аспады дейді етегі жасқа толған ана. Ал қызына ота жасаған дәрігер қазір жұмысын жалғастырып жатыр екен. Ол бәріне баласына бей-жай қараған ананың өзі кінәлі дегенге ұқсайды. Әрі жасөспірімнің организмі де тез жазыла қоймайтындар қатарынан деп ақталыпты.
«Ол дәрігерге - сөгіс берілді. Дер кезінде тексеріс жасалмай, күндізгі стационарда көп ұстап қалдық. Отадан соң күтім болуы керек. Меніңше, ешқандай күтім болмаған. Егер отадан соң, қыздың іші ауыратындай асқынулар болғанда, біз облыстық ауруханаға жіберетін едік», – деді Түркістан қалалық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Бағдат Байкеев.
Түркістандық дәрігерлерден көңілі қалған келіншек қызын енді шетелдік мамандарға көрсетпек. Төртінші ота келесі аптада жасалады. Сөзінше, дәрігердің салғырт жасаған отасынан кейін қызын емдеуге тағы 1 млн теңгеге жуық ақшасы кеткен. Енді ана қызының беті бері қараған соң, Түркістандағы балалар ауруханасының меңгерушісін сотқа беруге бел буып отыр.
Назерке Үкібасова, Елдар Жүнісқанов, Алматы телеарнасы