Соңғы уақытта медициналық препараттарға деген сұраныс 7 есеге артты. Мұндай мәліметті Алматыдағы ірі фармкопаниялардың бірі «Медсервис плюс» беріп отыр. 12 мыңға жуық атаулы дәрі-дәрмек тасымалдаумен және сақтаумен айналысатын мекеме мүмкіндігінше дәріханалардың сұранысын қамтып отырмыз дейді. Одан өзге, шаһарда дәрілердің бар-жоғын күн сайын қадағалайтын қоғамдық бақылау тобы құрылған. Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен дәріхана қоймаларының жұмысымен танысып, қаладағы дәрі тапшылығының бар-жоғын зерттеп көрді.
Бұл – Алматыдағы негізгі қоймалардың бірі. Мұнда 9 мыңнан астам медициналық препарататың түрі бар. Ал, дәрінің сақталу режиміне қарай мұнда 3 түрлі температуралық режим бар. Бұдан кейін дәріханалар тапсырыс бергенге қарай, келесі бөлімде барлығы сұрыпталады.
Қойманың бұл негізгі бөлігі дейді мұндағылар. Мінекей, өздеріңіз көріп тұрғандай, барлық дәрі қораптан шығарылып, мынадай орындарға қойылады. Одан әрі мұндағы қызметкерлер дәріханалардың тапсырыс беруіне қарай жеке-жеке реттеп, мынадай жәшіктерге салып, одан әрі тексеріске жібереді.
80-нен астам маман жұмыс істеп жатқан бұл «Медсервис плюс» қазақ фармацевтикалық компаниясы қаладағы 800-ге жуық дәріханалардан тапсырыс қабылдайды. Аталған компанияның бөлім директорының сөзінше, соңғы уақытта сұраныс 7 есеге артқан. Тиісінше, жұмыс істеу кестесі де өзгеріпті. Қазір олар түнгі 12-ге дейін дәріге тапсырыс қабылдап оны жолдайды. Мұндағылар Алматыдағы дәрі тапшылығын жою мақсатында қала әкімшілігімен бірлесіп жұмыс істеп жатқандығын айтады.
«Соңғы уақытта Алматы қалалық әкімдігі мен Денсаулық сақтау министірлігі қолұшын беріп жатыр. Ол дәрілерді сертификаттау мерзімі қысқарды. Сонымен қатар, салықтық комиссия тарапынан шот-фактураны қарау уақыты да жылдамдатылды. Ал, әкімдік бізге жұмыс күші ретінде еріктілерді жіберуге дайын екенін айтып отыр», – деді «Медсервис плюс» қазақ фармацевтикалық компаниясының бөлім директоры Саида Ерденбекова.
Дәл осы қоймадан осындай 40-қа жуық көлік қала маңындағы және қала ішіндегі дәріханаларға дәрілер жеткізеді. Қойма қожайындарының сөзінше күніне шамамен мыңға жуық тапсырыс келеді екен.
Қоймада дәрі-дәрмек бар. Ал, ол қалай саудаланып жатыр? Оған мониторинг жүргізетін арнайы қоғамдық бақылау тобы құрылған бүгінде. Олар бүкіл ел бойынша дәріханалар арасында зерттеу жүргізеді.
«Біз үш бағытта жұмыс істейміз. Ол дәріханалардағы сұранысқа ие медициналық препараттардың бар-жоғын және оның нарықтағы бағасын қадағалаймыз. Екінші бағыт ол ауруханалар қаншалықты дәрі-дәрмекпен қамтылғанын зерттейміз. Сонымен қатар, қазір гуманитарлық көмектердің қалай жеткізіліп, қалай медициналық мекемелерге бөлінетіндігін біздің еріктілер бақылап отырады», – деді қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі Саида Тәуекелева.
Гуманитарлық көмек демекші, біз Алматы облысындағы «СҚ-Фармация» компаниясының қоймасына да бас сұқтық. Мұнда соңғы рет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан 53 тоннаға жуық көмек келіпті. Жақын уақытта олардың барлығы Денсаулық сақтау министірлігі арқылы еліміздің барлық аймағына бөлінбек.
«Келісім-шартқа қойылған кезде жоспар болады. Стационар бойынша жыл бойына жоспар жасалады. Ай сайын сол жоспарды оларға жеткізіп тұрамыз. Осындай жағдайға байланысты олардың сұранысы бойынша бізге келген сұраныстарды уақытылы жіберіп тұрмыз», – деді «СҚ-Фармация» ЖШС қойма меңгерушісінің орынбасары Бұлбұлназ Жұмаділова.
Қазіргі уақытта ем іздеген халық та, дәріхана өкілдері де біраз дәрілердің бар екендігін айтады.
Алматыдағы тағы бір дәрі жеткізуші «Іңкәр» фармацевтикалық компаниясының қоймасында болдық. Еліміз бойынша 12 филиалы бар бұл мекеме 3 мыңға жуық дәріханамен жұмыс істейді. Жақында ғана мұнда Ресейден 2 ұшақ дәрі әкеліп, оның барлығы Қазақстан бойынша таратылса, онымен қоса Үндістаннан да препараттар келіп жатыр дейді компания өкілдері.
«Біздің компания қазіргі уақытта тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшті. Себебі, біз де отандастарымыздың денсаулығы үшін алаңдаймыз. Қоймаға түскен дәрілердің барлығы тез арада дәріханаларға жеткізіледі. Мұнда көп ұстамаймыз. Себебі, сұраныс көп. 1 миллион парацитомол 2-3 күннің ішінде сатылып кетті. Осыдан-ақ аңғаруға болады дәріге деген сұраныстың өскенін», – деді «Іңкәр» фармацевтикалық компаниясының аймақтық департамент директоры Аэлита Әлімова.
Өз кезегінде мамандар антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттарды тек дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдаған жөн дейді.
Арнат Дүйсен, Рашид Шүкүралиев, Нұрбол Сазабеков «Алматы» арнасы