Елордада тағы медициналық препараттарды заңсыз сатқан алыпсатарлар ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дәрі-дәрмек ішінде қытайлық өнімдер болған. Орынбор көшесі бойында «Фольксваген» маркалы автокөлігінен «Lianhua» Қытай өндірісіндегі капсуласы бар 165 орам тәркіленді. Аталған препарат Қазақстан Республикасының аумағында сатуға және пайдалануға рұқсат етілмеген. Қолға түскен жергілікті тұрғын дәрілерді сайттардың бірінен алып, қала аумағында сатуды жоспарлаған.
Сонымен қатар, Янушкевич көшесінде 33 жастағы қала тұрғыны «Парацетамол», «Ингавирин», «Дексаметазон», «Цефтриаксон», «Лидокаин», «Эуфилин», «Сумамед», «Ципролет» секілді тапшы дәрілік заттарды сату барысында ұсталды. Ал, одан бөлек полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 6 мың 500 масканы тәркіледі.
Жалпы жүргізілген рейдтердің нәтижесінде тәртіп сақшылары медициналық дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құралдарын заңсыз сатудың 38 фактісін анықтаған. Алынған медициналық препараттар мен қорғаныс құралдарының жалпы сомасы 16 млн 825 мың 985 теңге.