Бүгінде 3000-ға жуық бала мен 4000-дай медициналық қызметкер қызылшаға қосымша екпе алды. Бұл – аталған аурудың былтыр қараша айынан бастап, биылға дейін өрши түсуіне байланысты қолға алынған шара, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2019 жылдың сәуір айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында 9-10 айлық балаларды қызылшаға қосымша иммундау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 2829 бала, сонымен қатар 3390 медициналық қызметкер қызылшаға қосымша екпе алды. Қосымша иммундау жұмыстары жүргізілетін кезде медициналық қызметкерлер 9-10 айлық балалардың ата-аналарынан міндетті түрде екпе алудың қажеттілігі туралы алдын ала хабарландыру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, тұрғылықты мекенжай бойынша емханаларға шақырады.
«Қызылша – тез асқынатын қауіпті ауру. Яғни оның асқынуы энцефалит, мидың қабынуы, панэнцефалит, соқырлық, сонымен қатар жоғары тыныс жолдарының ауыр инфекциясына апарып соғуы мүмкін. Қызылшадан болатын негізгі өлім-жітім жағдайы осы қызылшадан жазылғаннан кейінгі асқынулардан болады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал МЕЙІРМАНОВА.
Бір ай бұрын басталған қосымша иммундау жұмыстары күзге дейін жалғаспақ. Себебі эпидемиологтар 2019 жылдың қараша айынан бастап қызылша жұқтырғандардың саны артып келе жатқанын айтады.