Алматыдағы №4 Қалалық клиникалық ауруханасында жаңа бөлім ашылды

18.06.2021 01:28

Бұрын-соңды мұнда болмаған су жаңа бөлімде қазір аса ауыр бірегей оталар жасалады

Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне орай №4 Қалалық клиникалық ауруханасында Нейрохирургия және нейроинтервенция бөлімі ашылды. Енді мұнда қан тамырларындағы тарылуларды кеңейту, стент қою секілді операциялар жедел және жоспарлы түрде жасалады. Сондай-ақ, медициналық мекемеде биыл ангиографиялық аппарат іске қосылды. Оның көмегімен осы күнге дейін 100-ден аса ота жасалыпты. Мұндағы жаңашылдықтармен Almaty.tv тілшісі  Сая Меңдеке танысып қайтты.

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында  №4 Қалалық көпсалалы ауруханасында Нейрохирургия және нейроинтервенция бөлімі ашылды. Бұрын-соңды мұнда болмаған су жаңа бөлімде қазір аса ауыр бірегей оталар жасалады.

«Биыл іске қосылған ангиографиялық аппаратта нейрохирургиялық жоғары санатты оталар жасалып жатыр. Мидың қан тамырларының аневризмасының имболизациялары, тарылуларды кеңейту, стент қою операциялары жедел және жоспарлы түрде жасалып жатыр. Сонымен қатар, жұлын, омыртқа ауруларына, бас ми жарақаттарын алған науқастарға ота жасалып жатыр», – деді №4 қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігері Нұржан Әжібеков.

6 баланың анасы Рауан Есмағамбетова аурухананың жаңадан ашылған бөліміне жақында ғана ишемиялық инсультпен түскен. Сол жақ қол-аяғы істемей, тілі күрмеліп, ауыр халде жан сақтау бөлімінде емделіпті. Мұндағы білікті мамандар қарап, артынан эндовазальді отаға алғаннан кейін, қол-аяғынының жұмысы толық қалпына келіп, тілі де анық шыға бастаған. Нейрохирург дәрігерлердің айтуынша, қан артериясы арқылы кіріп, микрокатетормен порта арқылы жүріп, бастың артерияларының жұмысы ретке келтірілген.

«Ота жасады. Қазір жақсымын, аман-есен, инсульттан кейін түстім ғой. Ақ халатты ағаларға, әпкелерге рахмет. Алғысымыз шексіз, қазір қол-аяғымыз істеп тұр. Аман-есенбіз, Аллаға шүкір. Ертең шығып та қалармыз, жұма күні», – деді Түрксіб ауданының тұрғыны Рауан Есмағамбетова.

Соңғы үлгідегі ангиографиялық аппаратта, сондай-ақ кардиологиялық оталар да жасалады. Осы күнге дейін 51  коронаграфиялық зерттеу жүргізілсе, соның 32-ісіне коронарлық артерияларды стенттеу жасалған.

Біз қазір рентгенэндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінің ота жасау бөлмесінде тұрмыз. Осы күнге дейін мұнда заманауи технологияның көмегімен жүрек қан тамырларына 50-ге жуық ота жасалса, нейрохирургиялық 53 операция орындалыпты.

Жетпістің желкенін керген Қалинұр Ақынұлының қан қысымы ауруына шалдыққанына 3-4 жыл болыпты. 10 метр жерге жүре алмайтынмын деген зейнеткер 3 күн бұрын ауруханаға түскен. Шамамен 2 сағатқа созылған отадан кейін өзін жақсы сезінетінін жеткізді.

«Мұнда білікті-білікті, адамгершілігі сол дәрігерлер көп екен. Сол мамандықтары бойынша мені аман-есен алып қалды. Қазір дүниеге жаңа келгендей болып отырмын», – деді зейнеткер Қалинұр Көдеков.

Бір ыңғайлысы рентгенэндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінде бәрі бір жерде шоғырланған. Демек, ота да осында жасалады, интенсивті терапия бөлмесі де бар. Алысқа бармай-ақ науқастардың толық ем алып шығуына бар жағдай жасалған.

Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» теларнасы