Өмірінің 40 жылдан астам уақытын балаларды емдеуге арнаған
Алматылықтар 9 қазанда белгілі балалар хирургы Ахпаров Нұрлан Нұркенұлын соңғы сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімі Алматыдағы Сұлтан-Қорған мешітінде өтті. Бұл туралы Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өмірінің 40 жылдан астам уақытын балаларды емдеуге арнаған білікті хирург 63-ке қараған шағында өмірден озды.
"Нұрлан Нұркенұлымен қоштасу рәсіміне жиналғандардың барлығы қадірлі де ардақты дәрігерді тебірене еске алып, арда тұлғамен қимай қоштасты", – деп жазды аталмыш орталық Facebook парақшасында.
Айта кетейік, білікті хирург Нұрлан Нұркенұлы Ақпаров медицина саласында 40 жылдан астам жұмыс істеген. Оның ішінде 28 жылдан астам Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қызмет етті. Бұл аралықта дәрігер 10 мыңнан астам операция жасады, көптеген балаларға екінші өмір сыйлады. Н.Н. Ақпаров Қазақстан Республикасында операциялардың 21 түрін алғаш рет енгізген, 300-ге жуық ғылыми жұмыс жазған, оның ішінде халықаралық рецензияланатын журналдарда жариялаған. Үш монографияның, 21-өнертабысқа алдын-ала патенттің және үш рационализаторлық ұсыныстардың авторы. 1994 жылы Нұрлан Ақпаров академик Камал Ормантаевтың жетекшілігімен хирургия бөлімін ашты. Сол сәттен өмірінің соңына дейін балалар хирургиясы бөлімін меңгерді.
Оның жетекшілігімен бір докторлық және екі кандидаттық диссертация қорғалды. 2007 жылдан бастап дәрігер АҚШ-тың Cincinnati Children's Hospital Medical Center құрметті профессоры болды, 2007 жылдан бастап еуропалық жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі болды. 2016 жылы Роберт Кох атындағы медальмен, 2017 жылы ғылымға қосқан үлесі үшін Александр III орденімен марапатталды.
«Алматы» телеарнасының ұжымы қаза болған хирург Нұрлан Нұркенұлының туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.