«Ауруханаға өз аяғымен барды»: Алматы облысының тұрғыны баласының ес-түссіз жатқанына дәрігерлерді кінәлап отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаршадай баланың анализдерін тәуелсіз зертханаға жіберген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Ауруханаға өз аяғымен барып, жансақтау бөліміне жаттты». Арнамызға осылай деп хабарласқан Алматы облысының тұрғыны баласының ес-түссіз жатқанына дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл қорқынышты видеоны науқастың анасы жансақтау бөлімінен түсірген. 3 жастағы Асылжан жанына батқан аурудан дөңбекшіп жата алмай жатыр. Ал ақ матамен таңылған аяғы санына дейін көлкілдеп ісіп кеткен. Сондай-ақ видеодан науқастың зәр шығару мүшесінің де өзгеріп кеткенін, және оған дәрігерлердің арнайы шүмек орнатқанын байқауға болады.

«Ауруханаға 26 қаңтарда түстік. «Иммундық тромбоцитопения» деп диагноз қойды. Ондай ауруды өмірде көрмегенбіз, білмейміз. Бала өз аяғымен келді. Жұма күні азанда аяғы көгере бастады. Кешке дейін үлкейіп кетті. Таңертең гемоглобин түсіп кетті», – деді анасы Күмісай Әбдіраманова

Бір отбасы түгел таңнан кешке дейін аурухана табалдырығын тоздырған. Оның үстіне кей дәрі-дәрмекті 500 мың теңгеге сырттан сатып алғанын айтты.

«Басында аяғында кішкентай дақ болған. Екінші күні көргенімде аяғы ісіп кеткен. Үшінші күні өкпе, жүрек, бауырдың тұсы адамның саусағы кірмейтіндей ісіп кеткен», – деді әкесі Нұрхан Омаров.

Аяғы көлкілдеп ісіп, есін әзер біліп жатқан науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. 

«Бізге бастысы  диагноз қою керек. Қазіргі баланың ауруы қан ауруына келеді. Анализін гемотолог дәрігерлер қарап отыр. Қандағы өзгеріс өте көп. Зәр шығару аз, бірақ бөліп жатыр. Іріңді процес жоқ па? Тексердік. Ол ісік болған соң, барлығына қараймыз», – деді ШЖҚ «Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы» МКҚ директорының орынбасары Асқар Қалиев.

«Балама дұрыстап қарағанын қалаймын. Осындай жағдайға душар болады деп ойлаған жоқпын», – деді әкесі Нұрхан Омаров.  

Медицина мамандарының айтуынша, дәл осыған ұқсас аурумен бір жылда 700-ге жуық бала ауруханаға жатқызылады екен. Оның тұқым қуалайтын түрі де кездеседі.

«Балаға кириешки, чипсы сынды тағам түрлерін мүлде беруге болмайды. Әртүрлі фаст-фуд, vitamin C, gorilla, fuse tea сынды сусындардың әсері біздің дәрілермен қарама-қайшы келеді. Беруге болмайды», – деді ШЖҚ «Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы» мкқ бөлімше меңгерушісі Меруерт Жұмабаева.

Қан құрамы бұзылып, қапыда қиындыққа тап болған қаршадай баланы ақ халаттылар қараусыз қалдырмағанын айтады. Қазір анализдерді тәуелсіз зертханаға жіберген. Енді қорытындысына қарай ем қолданылмақ. Ал баланың ата-анасы дәрігерлердің үстінен  арыз жазған.

Әлібек Шынтемір, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров