Нұр-сұлтандықтарға тұмау вирусының төрт штаммы қауіп туғызуы мүмкін. Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары айтып берді. Айтуларынша, ертеңнен бастап, елордада иммундау шарасы басталмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елордада ертеңнен бастап тұрғындарды тұмауға қарсы иммундау науқаны басталмақ. Бұл үшін вакцинаның 100 мың данасы сатылып алынған. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 87 миллион теңге бөлінді.
«Тексерілген, қауіпсіз препарат. Қауіп-қатер тобындағы елордалықтарға тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларда немесе көшпелі егу бригадаларымен тегін түрде салынады. Ақылы негізде екпе алам деушілер де қалалық емханаларға немесе жеке медициналық орталықтарға барып, вакцинациядан өте алады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.
Екпеден, бірінші кезекте медициналық қызметкерлер өтеді. Олардың саны 7210-ды құрап отыр. Бұдан соң 34 мыңға жуық бала бар. Бұл – диспансерлік есепте тұрғандар мен алты айдан асқан аурушаң балғындар. Бұдан бөлек, жетімдер үйлері мен коррекциялық мектеп-интернаттарының 370 тәрбиеленушісі де иммундаудан өтпек. Вакцинациялау шарасы медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлеріне де қатысты. Мәселен, шаһардағы қарттар үйлерінің 270 маманы бар. Жүкті 6 мың нәзік жандыға да екпе егіледі. Сондай-ақ, жүрек-қан тамырлары жүйесі және тынысталу органдарының дерттеріне шалдыққан жандар да тегін вакцина алады. Бұл тағы 53 мың адам.
«Тұмау вирусы жыл сайын мутацияға ұшырайды. Мәселен, 2019-2020 жылдары елордалықтарға тұмау вирусының төрт штаммы қауіп туғызуы мүмкін. Бұл Брисбэйн, Канзас, Колорадо және Пукет. Сондықтан тұмаумен бір рет ауырып шығып, өмірлік иммунитет алу мүмкін емес. Мәселен, тұмауға қарсы былтыр алынған иммунитет биылғы жылдағыдан сақтандыра алмайды. Сондықтан жыл сайын ағымдағы жылдың екпесін алып отыру қажет», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.
Мамандар дер кезінде емделмеген тұмау өкпе қабынуына, тіпті өлімге дейін әкеп соқтыруы әбден мүмкін дегенді алға тартады. Ауа-тамшылы жолмен оп-оңай берілетін бұл вирус ағзаның қарсыласуын бәсеңдетеді. Сондықтан энцефалит, минингитке ұласуы да ықтимал.
«Бағалары өте қымбат. Қолжетімсіз. Зейнеткерлерге қиын», - деді бір тұрғын.
«Әр жерде әр түрлі. Мысалы бір жерде 2 мың теңге болса, бір жерде содан екі есе 4 мың тұра салады. Осыларды бір ретке келтіру керек», - деді тағы бір тұрғын.
Былтыр тұмаумен ауырып, асқыну 120 адамда болған. Бұл – желтоқсан-қаңтар айлары бойынша статистика. Ақ халаттылардың сөзінше, дер кезінде жүргізілген емнің арқасында өліммен аяқталу фактілері былтыр тіркелмеген.
Салтанат Нысанбек, Азамат Кәкенов, «Алматы» телеарнасы