Алматы тұрғындары тұмаудың алдын алуға дайын ба?
Алматы тұрғындары тұмаудың алдын алуға дайын ба? Суық тиіп, сырқаттанбау үшін не істеу керек? Бұл сұрақтар жыл сайын күз маусымында халықты әсіресе алаңдатады. Ал алматылық дәрігерлер болса, тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Екпе егу жайлы халықты ақпараттандыру үшін қаладағы емханаларда арнайы мобильді топтар да құрылған. Вакцина салу қашанға дейін жалғасады? Екпеге қатысты халықтың пікірі қандай? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.
№1 қалалық емханада 4 мобильді топ бар. Олар маусымдық екпе егу жұмыстары жайлы халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оларды үнемі хабарландырып отырады. Жалпы емханада тіркеуде тұрған қауіп-қатер тобындағы 5 мыңға жуық адамға екпе тегін салынады.
Тұмауға қарсы екпені тегін алатын топқа созылмалы аурулары бар балалар, аяғы ауыр жүкті әйелдер, 60-тан асқан егде адамдар және медицина қызметкерлері кіреді. Қауіп-қатер тобындағы жандарға вакцинаны қашан, қалай алу керектігін түсіндіру үшін емханада арнайы мобильді топ та құрылған.
«Келген азаматтар фильтрден өтеді немесе үйіне барған кезде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Уақытысын, бәрін белгілеп, жазып, екпе алуға болады дегендей. Мобильді топтың ішінде 1 дәрігер, 1 медбике, 2 тіркеуші азамат болады», – деді №1 қалалық емхананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Айдана Сүйіндікова.
Дегенмен қала тұрғындарының арасында салынатын екпелердің сапасына күмәнданатындар бар. Олар екпе туралы дұрыс ақпараттандырылмаймыз дейді.
«Егде жастағы адамдарға салынатын пневмонияға қарсы екпе алғым келіп еді, бірақ бұл екпелердің сапасы туралы ештеңе білмейміз, ешкім айтпайды да. Сол себепті салдырар-сылдырмасымызды білмейміз», – деді қала тұрғыны Наталья Саламаткина.
Аурудың алдын-алу үшін, жұққан күннің өзінде вакцина алған дұрыс дейді мамандар. Олар заманауи технологиямен жасалған екпе адам денсаулығына қауіпсіз дегенді алға тартады.
«Антиденелердің көмегі арқылы организмге түскен әртүрлі вирустық инфекциялардың алдын алу үшін немесе оның асқынуын болдырмау қаупін азайту үшін салынады. Соңғы екпелер заманауи технологиялармен жаңартылған. Сондықтан балаларға және егде жастағы кісілерге қаупі аз», – деді №1 қалалық емхананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі Айдана Сүйіндікова.
Десе де, емханаға келушілердің басым бөлігі тұмауға қарсы екпе алу қажет деп санайды.
БЛИЦ:
- Әркімнің өз организміне байланысты ғой, ауыратын адамдарға алған дұрыс.
- Раньше получала, но я хочу сейчас получить.
- Я за вакцину. Я думаю что надо обязательно пойти и сделать.
Өздігінен тұмауға қарсы екпе алғысы келетін азаматтарға вакцина ақылы түрде салынады. Екпе егу қарашаның 30-ына дейін жалғаспақ.
Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы