Игі бастама Алматы қаласы әкімдігі және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылған
Бүгін небәрі екі айда соғылып, екі күн бұрын ғана қолданысқа берілген Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалына 15 оттегі концентраторы табысталды. Игі бастама Алматы қаласы әкімдігі және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылған. Жұмысын осы аптада ғана бастаған аурухананың дайындық деңгейі жайында толығырақ Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалында.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен Теректі ықшам ауданында тұрғызылған қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалы небәрі екі айдың ішінде тұрғызылды. Күні кеше ғана қолданысқа берілген бұл госпиталь озық үлгідегі стандарттарға сай, әрі барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Коронавирустың екінші толқынына дайындық аясыда соғылған аурухана 300 төсек-орынға шақталған. Мұндағы барлық палата арнайы оттегі аппараттарымен жасақталып, реанимация бөлімшесінде медициналық газдың үш түрі қондырылған. Сонымен қатар, жаңа ауруханада түрлі медициналық сараптамалар жасайтын зертхана да бар. Онда коронавирус инфекциясын анықтауға болады.
«Біз, ең алдымен, қаланың әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев мырзаға алғысымызды айтамыз. Бізге жаңадан аурухана салып берді. Бүкіл керек персоналдың бәрін жұмысқа қабылдап, қазір, міне, толық түрде жұмыс атқарып жатырмыз», – деді ШЖҚ «Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚ бас дәрігері Ержан Сералин.
Ауруханаға оттегі концентраторларын табыстауға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров арнайы келді. Ол жаһандық індетпен күресте алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен, қиын-қыстау заманда қолдау көрсеткен діни басқарма ұжымына алғысын жеткізді. Бұл ретте республика көлемінде ұйымдастырылған «Өмірге үміт бер» акциясына белсенді ат салысып, 4 миллион теңге жинаған алматылық жомарт жандардың да көмегі зор. Бұл сомаға арнайы тапсырыспен Түркия елінен 15 оттегі концентраты алынған.
«Осы дертке шалдыққан еліміздің азаматының жазылуына, айығуына өзінің үлесін қосып жататын болса, соған қызмет ететін болса, біз бұл үшін үлкен сауап, әрі мәртебе», – деді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай.
Жаңадан бой көтерген аурухананың бас дәрігері болса, бұл қолдаудың ең алдымен таудай жауапкершілік жүктейтінін айтады.
Айта кету керек, қала әкімінің тапсырмасымен жарты жыл ішінде үш бірдей аурухана бой көтерген. Басты мақсат – қала тұрғындарының саулығын қамтамасыз ету.
Жанар Ғаниқызы, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы