Иммунитетті көтеру үшін таза ауада көп жүру керек
Елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар азайып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы тәулікте індетке 85 адам шалдыққан. Ал бір күн бұрын бұл көрсеткіш 100-ге жуық еді. Десе де, күннің қатты суытуына байланысты респираторлы вирустық инфекция жұқтырғандар қатары күрт көбейген.
«Тұмаудың өршіп тұрған кезі. Біздің емханаға көбінесе балалар мен егде жастағы пациенттер тұмаумен келіп жатыр. Симптомдары – 39 градусқа дейін дене қызуы көтеріледі, жөтел, буын-буын мен бұлшық еттері ауырып, сырқаттануы, тамақ ауруы. Пациенттерге өздігімен емделмеуі үшін, тұмаумен ауырған кезде дәрігерді үйге шақыруды ұсынамыз», – деді Алматы қалалық №16 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Әлия Бегешева.
Тұмау жұқтырып, қатты ауырғанда үй жағдайында антибиотиктер қолдануға болмайды.
«Тұмау кезінде антибиотиктер қабылдауға болмайды. Оны тек тұмау асқынған кезде дәрігер науқастың жағдайына қарай антибиотикті тағайындайды. Өз бетімен антибиотикті қабылдауға болмайды. Өйткені, тұмау ол – вирустық ауру.
Дәл қазір біздің емханада коронавирусты жұқтырып, ауырып жатқандар жоқ. Бұрынғыға қарағанда коронавирустың симптомдары өзгерді. Бірақ, жеңіл өтеді. Дене қызуы көп күнге созылады. Сонымен қатар іштің өтуі ауру белгілеріне жатады», – деді Алматы қалалық №16 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Әлия Бегешева.
Иммунитетті көтеру үшін таза ауада көп жүру керек.
«Тұмау кезінде, тұмаудың алдын алу үшін көкөністерді көп жеген жөн. Таза ауада көп жүру керек, жаттығулар жасау керек күнделікті. Сонымен иммунитетті көтеруге болады», – деді дәрігер.