Жедел жәрдем жедел емес: Алматы облысының тұрғындары емханадағы көлік тапшылығына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғындардың айтуынша, дәрігер көмегі үшін ауруханаға өз аяғыңмен барасың, не олардың жолын сағаттап күтуге мәжбүр боласың
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының емханаларында көлік тапшы, ал қолда барының көбі ескі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауылдағы дәрігерлер шақырған жерге көк түтіні шыққан көне машинамен жетіп, салдыр-гүлдір етіп науқас тасып жүр.

«Жедел жәрдем жедел емес, шақырған жерге кеш жетеді» деп шағымданған тұрғын көп. Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылының жұрты да сондай пікір айтты. Олардың айтуынша, дәрігер көмегі үшін не ауруханаға өз аяғыңмен барасың, не олардың жолын сағаттап күтуге мәжбүр боласың.  

«Кей кезде Тұздыбастаудағы емхана қызметкерлері немесе жедел жәрдем жоқ, өздерің келіңдер деп айтады», – деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Сәуле Дүйсетаева.

«Қашан хабарлассаң да, бос емес. Жедел жәрдем деген аты ғана бар. Бірақ емханаға барсаң, сол жедел жәрдемдер тұрады. Не қозғалмайды, бұзылып қалғаны да түсініксіз», – дейді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Дидар Асқар.

Меңгерушісі «біздің көліктер 103-ке қоңырау шалғандарға бармайды, емханаға тіркелген тұрғындарға ғана қызмет көрсетеді» деп кесіп айтты. Анықталғандай, бұл ауылдағы медициналық мекемеде 2-ақ көлік бар. Оның өзінде, біреуі тым ескі екен.

«Жалпы 2 көлік те қазір жүріп тұр. Техникалық жағына шағымдана алмаймын, бізге жүріп тұрса болды. Баратын жерімізге барып, келетін жерімізге келгенге жетсе, соған жараса болды. Үлгермей қалатын кездер болады. Мысалы, бір көлік бұзылып қалғанда, шақыртуларға өзіміз кетеміз», – дейді «Талғар аудандық орталық ауруханасы» Тұздыбастау ауылы дәрігерлік емханасының меңгерушісі Гүлбану Түсіпова.

Ауыл дәрігерлерінің күні қараған қос көліктің бірі бұзылса, науқасқа жету үшін такси жалдаған кездер де болыпты. Айта кетсек, емханаға тиесілі 2 темір тұлпардың бірі – көненің көзі.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Алматы облысындағы жедел жәрдем қызметінде техникалық жағынан бір мін жоқ дейді. Оның айтуынша, ескі көліктер жаңарған, тозғанын көрмейсің. Алайда емханалардағы жағдай мүлдем басқа. Басқарма өкілі де мұны жоққа шығармады.

«Қазіргі кезде көліктің 28 пайызы ескірген. Бірақ біз оған бюджеттік өтінім жасап, мәслихаттан облыстың бюджетінен ақша сұраймыз. Сұраныс жасалып жатыр. Санын да көбейту және жаңарту үшін», – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Серікбаева.

Тұздыбастау елдімекеніндегі 17 мыңнан астам тұрғын жергілікті емханаға тіркелген. Басқарма оларға 2 көлік жеткілікті деп қысқа қайырды. Себебі олардың көлігі ауыр жағдайдағы науқастарды тасымайды, оларға жедел жәрдем жауапты деді.

Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров