Алматының жедел жәрдем көліктері 70 пайызға жаңарды

Алматының жедел жәрдем көліктері 70 пайызға жаңарды
Қаланың 8 ауданында орналасқан 11 қосалқы бөлімшесінде 20-дан астам жедел жәрдем көлігі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының жедел жәрдем көліктері 70 пайызға жаңарды. Осылай деген қалалық жедел жәрдем қызметінің басшысы осынау қысылтаяң кезде көп қолдау көрдік. Автопаркімізде заманауи құралдармен жабдықталған су жаңа темір тұлпарлардың 140 данасы бар дейді. Былтыр қала әкімі Бақытжан Сағынтаев медицина қызметкерлеріне қызметтік көліктердің кілтін өзі табыстаған болатын. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Еліміз егемендік алғалы медицина саласы қарқынды дамып, оған жіті көңіл бөлініп келеді. Ал, жаһанды жалмаған пандемия дәрігерлер мен медицинаның қаншалықты құнды екенін тағы да көрсеткендей болды. Дүйім жұрттың дегбірін қашырған дертпен күресте алғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбегі ерен. Әсіресе, қысылтаяң кезеңде дәл осы жедел жәрдем көліктерінің қажеттілігі мен маңызы қатты сезілген еді.

«Қалаға соңғы үлгідегі жабдықпен жабдықталған су жаңа 140 жедел жәрдем көлігі берілді. Енді біздің автопарк 60-70 пайызға жаңарды. Жедел жәрдем көліктерімен медицина қызметкерлері күн демей, түн демей үнемі шақыртуларға шығады, сол себепті бірнеше жылдың ішінде олар тозып қалады. Осы жайтты ескерсек, бұл біз үшін үлкен қолдау»,– деді қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Пархат Надыров.

Ақбота Бекбосынқызының жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп келе жатқанына 5 жыл болыпты. Пандемия кезінде жеке қорғану құралдарын пайдаланып, арнайы қорғаныс костюмін киіп жұмыс істеу біраз қиындық туғызғанын айтады.

«Форманы таңнан кешке дейін 24 сағат бойы киген кездеріміз болды. Шақыртулар өте көп болған кездер болды. Бірақ сол ауырлықтан да өттік. Оны дәрігерлердің еңбегі деп білемін. Реанимациялық шақыртулар , жол-көлік оқиғасы, түрлі жарақаттар, биіктіктен құлау, күйік шалу сияқты шақыртулар болады. Бірақ ешқандай себептерге қарамай біз сол жерге барамыз»,– деді қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің фельдшері Ақбота Майтан.

Коронавирус індеті өршіген тұста жедел жәрдем қызметіне күніне 8-9 мыңға дейін қоңыраулар түскен. Оның шамамен 5 мыңына қызмет көрсетіліп отырыпты. Ал қазір, дерттің таралуы саябырсыған кезде күніне 2 жарым мыңға дейін қоңырау түседі екен. Жедел жәрдем бригадаларына жүктелген басты міндет – діттеген жерге жедел жету.

«Аз дегенде 10-12 шақыртуларға шығамыз күніне. Жедел жеткізу, уақытында барып, көмектесу. Қиындау сәттері де болады, жол кептелісі кедергі келтіреді»,– деді қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің көлік жүргізушісі Самат Манапбаев.

Айта кету керек, бүгін қалалық жедел жәрдем қызметінде 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қаланың 8 ауданында орналасқан 11 қосалқы бөлімшесінде 20-дан астам жедел жәрдем көлігі бар.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров