Бүгінде хиджама мен шертпе еміне деген сұраныс көбейген. Көпшілік дінмен байланыстыратын бұл емнің түріне медицина мамандары қарсы шығып отыр. Ғалымдар оның ғылыми түрде еш дәлелі жоғын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір медициналық еммен бірге дәстүрлі, халық емі де кең етек алған. Соның бірі – хиджама мен шертпе. Ауруына дауа іздегендер соңғы кезде осы емнің түріне көп жүгінетін болған. Денені тілгілеп, маңдайдан шертіп қан шығару әдісі мүлде дұрыс емес дейді медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев. Бұл адам денсаулығына кері зиянын тигізбесе, пайдасы жоғын айтады.
«Шертпені адамның мойнын орамалмен қысып жасайды. Ол кезде миға қан дұрыс бармайды. Қан жүрісі болмағасын мида кислород жетіспейді. Адам шертпе жасап жатқан кезде талып, құлап қалуы да мүмкін. Ол өте ауыр нәрсе, жасаудың қажеті жоқ», – деді медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев.
Бұл ем түрімен 10 жыл айналысқан Абдуғани Досмайловтың айтуынша, хиджама мен шертпенің адам ағзасына пайдасы оразан көп. Ол денедегі ұйып қалған қажетсіз қанды сыртқа шығару арқылы адамның қан айналу жүйесі жақсарады, өзін сергек сезінеді әрі энерниясы арта түсетінін атап өтті. Бастысы, емді қабылдамас бұрын тәжірибелі маманға баруға кеңес береді.
«Жалпы медицинада қан шығару, хиджама, шертпе деген әдістер жоқ. Сондықтан олар қарсы. Менің ойымшы білікті адам болса, ғылыми түрде зерттесе, хиджама бойынша да Нобель сыйлығын алуға болады», – деді Хиджама жасау орталығының бас маманы Абдуғани Досмайлов
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай ем түріне тыйым салмайды. Себебі, денеден қан шығарып емдеу әдісі пайдалы әрі науқасқа шипа болса оны құптап отыр.
«Пайғамбарымыз «мен миғражға көтеріліп бара жатқанда, періштелер Мұхаммед хиджамада көп пайда бар, хиджамамен емдел» деп өсиет еткенін айтады. Өзі хиджама алдырған. Пайғамбарымыздың сөзі - хақ. Ем бар деген нәрседе ем болады», – деді ҚМДБ Алматы қаласы бойынша пәтуа бөлімінің маманы Елібек Тасболатұлы.
Қазір жұртшылықтың сұранысына қарай, қан шығарумен емдейтін орталық саны өңірлерде көбейіп келеді. Десе де, оларды қадағалайтын, жұмыс істеуіне рұқсат қағаз беретін бірде-бір мекеме болмай шықты. Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мұндай емдеу орталықтары жеке меншік бизнес иесі ретінде жұмыс істеп отырғанын айтады. Ал оларға еш себепсіз, шағымсыз тексеру жүргізуге құқылары жоқ екен.
«Қазақстанда хиджамаға лецензия берілмейді. Енді мынау мораторий жарияланғалы түрлі мекеме, түрлі ұйымдық орындар өздері сертификат жасап істеп жатқан шығар. Қазақстанда соңғы 2 жылда пайда болған бұл термин дәстүрлі медицинаға сай келмейді. Заңды деп те айтпаймыз, заңсыз деп те айтпаймыз. Қазір біз Астанада қоғамдық өкілдермен бірлесіп, зерттеу жүргізіп жатырмыз. Соның қорытындысын жақын арада жариялаймыз», – деді медицина ғылымдарының докторы, қоғамдық кеңес мүшесі Жасан Зекейұлы.
Министрлік тарапынан еліміздегі хиджама орталықтарына жаппай тексеру жұмысы басталған болатын. Оған – Атырау қаласындағы жаңа туған нәрестенің бетін тілгілеп емдеу түрі себеп. Жауапты министрлік орталыққа жүргізілген тексеру қорытындысы алдағы уақытта мәлім болатынын айтты.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы