Медицина маманы ақы үшін емес, халқы үшін қызмет етуі керек – дәрігер

21.06.2020 01:52

Дәрігерлер үшін биылғы жыл үлкен сынақ болды

Аlmaty.tv

Дәрігерлер үшін биылғы жыл үлкен сынақ болды десек артық айтпаспыз. Халық саулығын сақтауда ғалымдарымызға да, ақ халаттыларға да ауыр жүк артылды. Бірақ оны міндетсініп, ауырсынып жүрген дәрігерлеріміз жоқ. Жүрек қалауымен таңдаған мамандыққа қашанда адалдық танытуға  әзір екенін көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жалпы, қазақстандық медицина саласының мамандары қашанда білім, біліктілігімен озық тұратыны белгілі.

Медицинаның жілігін шағып, майын ішкен маманның бірі – Венера Алтынова. Адамдарды емдеу саласында 35 жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының «Ана мен бала» ғылыми орталығында балалар нефрологы. Дәлірек айтсақ, бүлдіршіндердің бүйрегін емдейді. Қажет болса трансплантация жасайды. Соңғы жылдары балалар арасында бүйрек жетіспеушілігі аурулары көбейгенін айтады.


«Қазір балалардың осындай ақаумен туылуы көбейіп кетті. Өмір сүрудің әдісі бойынша ма, балалар осындай ауруға көп шалдығатын болды. Соған байланысты бүгінгі Қазақстанда созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан баланың саны 100-ге жуық. Диалез сияқты қанын сүзіп, шайып, аппарат арқылы болсын, басқа әдістер бар, сол арқылы бүйрегінің функциясынан айырылған балалар бар. Сол әдіспен емделіп жүрген балалардың саны жалпы 80-ге жақын», – деді Нұр-сұлтан қаласы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының нефролог дәрігері Венера Алтынова.

Алтын қолды дәрігер қазіргі коронавирус пандемиясы жағдайында еңбек етіп жүрген әріптестері қандай болсын құрметке лайық дейді.  Және дәрігердің дәрежесін Кодекспен көтеретін кез келді деп санайды.

«Дүниежүзі дәрігерге қарап қалған күн туды. Қазір дәрігерлер өте қиын жағдайға ұшырады. Алдыңғы қатарда коронавируске қарсы күресіп жатқан әріптестеріміз бар. Қиналамыз, оларды уайымдаймыз. Дәрігердің дәрежесін көтеру керек. Хабарымыз бар, Кодексте де талқыланып жатыр», – деді Нұр-сұлтан қаласы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының нефролог дәрігері Венера Алтынова.

Ал, 25 жылдық дәрігерлік тәжірибесі бар  Ұлбала Ұмралиева медицина маманы алдымен ақы үшін емес, халқы үшін қызмет етуі керек дейді. Осы саланы таңдамас бұрын қызығынан қиындығы басым болатынын жүрекпен сезінгенін жасырмайды.

«Осы дәрігер мамандығын таңдағанда да, әрине, оңай болмайтынын білдік. Және 2020 жылдан COVID-19  пандемиясы басталғаннан бері жұмыс екі есе, үш есе қиындады десек өтірік айтпаймыз. Себебі мемлекет, бүкіл ел, дүниежүзі пандемияға ұшырағандықтан,  дәрігерлерге деген жауапкершілік екі есе артып отыр. Сонымен қатар, қазір  5 күн емес, тіпті, 7 күні бойы жұмыс істеп жатырмыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы № 4 емхананың отбасылық дәрігерлік орталығының меңгерушісі Ұлбала Ұмралиева.

Өйткені ұлт денсаулығы қолымызда екенін жақсы түсінеміз, дейді білікті маман. Ол басқарып отырған отбасылық дәрігерлік орталық 12 000 тұрғынға қызмет көрсетеді. COVID-19  жұқтырушылар көбейген сайын қауіп күшейіп, жауапкершілік жүгі ауырлай түскенін айтады.

Иә, байқағандарыңыздай, біздің дәрігерлер коронавируспен күресте күш біріктірді. Барлығы күн-түн демей,еңбек етіп жатыр. Бір өкініштісі, кеселдің құрығына кез келген адам ілінуі мүмкін. Сондықтан сіздің бейқамдығыңыз өзгеге кесірін тигізбесін. Барынша сақтық шараларын ұстанайық, көрермен!

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы