Алматыдағы ауруханалар мен емханалар былтыр 20 млрд теңге болатын медициналық құрылғылармен жабдықталды. Олардың дені АҚШ пен Түркиядан әкелінген. Оның ішінде заманауи 47 рентген және 52 УЗИ аппараты бар. Аз уақыттың ішінде әлеуеті жаңарған ауруханалардың жұмысын Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын барып көріп келді.
Мұндай аппараттар әуелі мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағы тұрғындар үшін тиімді. Себебі, бұрын оларды арнайы көлікпен басқа емханаға апарып-қарату қажет болса, қазір оның бәрі жергілікті медициналық мекемеде жасалады. Мәселен, №4 қалалық клиникалық ауруханадағы жаңа мультиспиральді компьютерлік томографиясы ескісіне қарағанда 8 есе жылдам жұмыс істейді.
«Жұмыс жасаған кезде оңай. Диагноз қоюға оң септігін тигізеді. Аппараттың түсіру мүмкіндігі бұрынғыға қарағанда тез әрі оңай. 50-60 адамға дейін қабылдай аламыз», – деді № 4 Қалалық клиникалық ауруханасының рентген-лаборанты Роман рыскелді
Одан бөлек, ангиограф, ЭКГ, жылжымалы рентген құрылғылары да жаңартылған. Дәрігерлердің айтуынша, өткен жылы ауруханаға 549 медициналық аппарат әкелінген. Ал, мұнда Ковид-19 жұқтырған науқастар да емделіп жатыр. Ол үшін барлығы 30 төсек орын дайындалған. Оның 6-ы жансақтау бөлімі.
«Бүгінде 18 науқас жатыр. Оның ішінде бесеуі жансақтау бөлімінде. Жағдайлары ауыр. Өзіндік дем алуда. Аппараттар мен дәрі-дәрмектер толық жеткілікті. Осындай ауыр жағдайда үкімет уақытылы жалақымыздан бөлек, үстемақы төлеп жатыр», – деді № 4 Қалалық клиникалық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ринат Халықберген.
Алматылық дәрігерлерге өткен жылы жалақысынан бөлек жалпы сомасы 14 млрд теңгеден астам үстемақы төленген. Бүгінгі таңда 2450 медицина қызметкері кадр резервінде тұр.
«Қазір қатаң режимде жұмыс істеп жатырмыз. Жұмысымыз өте ауыр. Алып жатқан үстемақымыз дәрігерлердің ешқандай санатына, дәрежесіне қарамайды, барлығымызға үстемақы бір деңгейде төленіп жатыр», – деді № 4 Қалалық клиникалық ауруханасының мейірбикесі Әсем Серғазиева.
Еске салайық, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен 2019 жылы медициналық қызметтің сапасын жақсарту мақсатында өңірдегі барлық медициналық мекемелерде аудит жүргізілген еді. Осыған сәйкес, құрылғыларды жабдықтаудың үш жылдық жоспарын дайындады. Сөйтіп, өткен жылы құны 20 млрд теңге болатын медициналық техника сатып алынды.