Алматыда алғаш рет аяғы ауыр келіншектің жүрегіне бірегей ота жасалды. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтында өткен операцияның ерекшелігі – науқас процесті толық бақылап, ояу жатады. Ал ота аяқталған соң, 1 сағат ішінде орнынан тұрып, қалыпты өмірге оралады. Отандық медицинаға осындай заманауи әдісті енгізуде ресейлік мамандар ерекше рөл атқаруда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласының 28 жастағы тұрғынының жүктілігі 20-шы аптаға жеткен. Осылай аяғы ауыр кезде жоспарлы түрде ота жасатуға түрткі болған қауіпті диагноз екен. Яғни, ол – жүрек ырғағының бұзылуы. Дәрігерлер бұл дерт болашақ ана мен сәбидің өміріне қауіп төндірді дейді. Сондықтан ресейлік мамандар есін біліп, ояу жатқан пациентке анестезия салмай, жүрегіне бірегей ота жасауда.
Құндызай Ерланқызы алғашқы 3 перзентін аман-есен дүниеге әкелген. Алайда 4-ші жүктілігінде кенет тахикардия пайда болып, талма дертіне шалдығады. Сондықтан ота жасатуға бел буады. Операция кезінде аритмологтар науқаста бұл дерттің туылғаннан бері бар екенін анықтап, жүректегі ақауды жойды. Ең қызығы, жас келіншек отадан кейін небәрі 1 сағат өткен соң бізбен тілдесіп, өзін жақсы сезінетінін айтты.
«Осы жүктілігімде мен қайта-қайта 6 рет құладым. Жүрегімде тахикардия көп болды. Енді олар қайталанбайды деп айтты. Менде мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқпын. Отадан соң әлсіреп, солай шығамын деп ойладым. Бірақ Аллаға шүкір. Міне, сөйлеп, аяқ-қолым қозғалып, бөпем де қозғалып жатыр ішімдегі. Бәрі жақсы», - дейді науқас Құндызай Меркебаева.
Бірегей бұл әдісті отандық медицинаға енгізу үшін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты ресейлік мамандарды шақыртқан. Танымал кардиохирургтар 4 күндік тәжірибе алмасу барысында қазақстандық аритмологтарға шеберлік сағатын өткізіп жатыр. Ал ота кезінде жүрек артимиясын емдейтін жаңа құрылғы қолданылады. Үш өлшемді жүрекішілік навигация жүйесі орнатылған құрылғы экранға жүрек құрылысы мен ондағы түрлі ақауларды анық көрсетіп, ауру ошағын толық жоюға мүмкіндік береді дейді дәрігерлер.
«Біз жасаған отаның бірегейлігі – жүректің өткізгіш жүйесіне өте жақын орналасқан ауру ошағын жою. Егер хирург операция кезінде сәл де болса дұрыс қимылдамаса, онда пациенттің өміріне қауіп төнеді. Бұл өмір бойы кардиостимулятормен жүруге әкеп соғады. Бірақ бүгінгі ота сәтті өтті. Науқас ояу болып, менімен сөйлесіп жатты. Тіпті операцияның қалай аяқталғанын сезбей қалды», - деді Іргелі және трансляциялық медицина ФЗО жетекші маманы, кардиохирург Сергей Артеменко (Ресей).
Дәл осы құрылғымен ресейлік кардиохирург мамандар 3 тәулік ішінде жүрек ырғағы күрделі бұзылған 15 науқасқа бірегей ота жасап үлгеріпті. Енді тағы 15 пациентті аяққа тұрғызуды жоспарлап отыр.
«Мен таң қалдым. Кеше маған бір жарым сағатта ота жасады. Қазір міне, бәрі жақсы, шауып жүрмін. Жүрегіме операция жасады десе, ешкім сенбейтін шығар. Сондықтан аурухана ұжымына алғысым шексіз. Өйткені мен отадан қорыққаныма қарамастан, дәрігерге өмірімді сеніп тапсырдым. Бірақ бәрі ойдағыдай өтті», - деді науқас Анатолий Чавро.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институты алдағы уақытта ресейлік мамандармен тығыз байланыста жұмыс жасауды көздеп отыр. Бұл елімізде инфаркт, жүрек жеткіліксіздігі мен инсультқа шалдыққан науқастар санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік бермек.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы