Елімізде отандық дәрі-дәрмектің көлемі ұлғаяды

14.08.2024 01:57

Министрлік 35 қазақстандық өндірушімен шарт жасасқан

elements.envato.com

Елімізде шығарылатын дәрі-дәрмектің көлемі ұлғаяды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтика саласын дамыту және қазақстандық өндірушілерді қолдау бойынша бірқатар тапсырма берді. Премьер-Министр отандастарымыз тұтынатын препараттың санына ғана емес, сапасына да жіті мән беру керек екенін еске салды.

Еліміз фармацевтика саласын дамыту ісінде кенже қалып келетіні рас. Сөзімізге дәлел келтірсек, бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміндегі дәрі-дәрмектің 37 пайыздан астамы ғана өзімізде өндіріледі екен. «Көрсеткішті көбейтуге күш салып жатырмыз» деген бас дәрігер Ақмарал Әлназарова министрліктің 35 қазақстандық өндірушімен ұзақмерзімді шарт жасасқанын айтады. Ведомство басшысы дәрілік зат өндірісін 62,5%-ға дейін өсіруге басымдық берілгенін жеткізді.

«Алдағы үш жылдың ішінде жасасқан ұзақмерзімді келісімшарттарды белгіленген келісімге кезең-кезеңімен шығу жоспарлануда. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде отандық өндірушіге басымдық беріліп, қолайлы түрде жағдай жасалып жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Соңғы 6 айда мемлекет отандық өндірушілерден 26,5 млрд теңгенің дәрісін сатып алған. Осылайша елдегі фармацевттерге қолдау беріліп отыр. Дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі бір жылдың ішінде 14 жарым пайыз өскен. Құны 95 млрд теңгеге жететін өнім шығарылған. «Бастамаға әлі де басымдық береміз», - деді сала министрі. Сөзінше ең алдымен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы түзген тізім бойынша қауіпті кеселдерді емдеуге арналған препарат өндіріле бастайды.

«Осы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің фармацевтика өндірісі 14,5%-ға ұлғайды. Алайда саладағы әлеует бұдан әлдеқайда жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіне осы көрсеткішті жыл соңына қарай одан әрі ұлғайтып шығарылатын препараттардың көлемі мен тізбесін кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ фармацевтика өнімін сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың электрондық сатып алу жүйесіне көшуін тездету қажет», - деді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы фармацевтикада ғана емес, барлық салада импорттық тауарды сатып алуды тоқтату керектігін айтты. Ол үшін алдымен отандық өнім өндірушілерді қолдауды арттыру қажет деді. Сондай-ақ Премьер-Министр елдегі шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемесіне мониторинг жүргізу қажеттігін жеткізді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана