Елімізде COVID-19 жұқтырған 120 медицина маманының 67-і өтемақы алады

10.04.2020 01:58

1 дәрігердің халі әлі ауыр жағдайда, ал 9 медициналық қызметкердің денсаулығы орташа ауыр деп бағаланып отыр

Бүгін Қазақстанға Қытай Халық Республикасынан 10 дәрігер көмекке келеді, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі. Олар коронавируспен күресте өздерінің біліктілігін көрсеткен мықты мамандар екенін, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінде растап отыр. Қытайдан келетін дәрігерлер Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларында өз тәжірибесімен бөліседі. Ал, отандық дәрігерлердің вируспен күресуде қауқары қандай? Оларға өтемақылар уәде етілгендей беріліп жатыр ма?

Дүниежүзін дүрліктіріп, дендеген дертпен күресте дәрігерлерге жүктелген міндет зор. Сондықтан олардың еңбегінің лайықты бағалануы заңдылық. Еліміздің ақ халаттыларының да жалақысына қосымша өтемақы қосылатыны туралы Президент те айтқан еді. Бұл мақсатта әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан  4 млрд теңге бөлінген.

«Бұл 4 миллиард теңге дәрігерлердің еңбекақысы, жәрдемақысы, сыйақысына  кешеден бастап төленіп жатыр. Бүгін, ертең және келесі аптаның басында барлық қаржы, яғни төлемақы, сыйақы біздің дәрігерлер алатын болады. 4 млрд.теңге бөлінді. Ал енді Президентіміз, Үкімет басшысының Қаулысы бойынша жұмыста жұқтырған дәрігерлер 2 миллион теңге алады деп Президентіміз Қаулы шығарды. Құдай бетін ары қылсын, егер де қайтыс болып кеткен жағдайда, оның отбасына 10 миллион теңге алады деп Жарлыққа қол қойған болатын», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі  Диас АХМЕТШӘРІП.

Қазір еліміз бойынша 120 медицина маманы вирус жұқтырған. Бірақ оның 67-і ғана тікелей науқастармен жұмыс істеу барысында коронавирусқа шалдыққан. Бұл ақ халаттыларға 2 миллион теңге сөзсіз берілмек. Ал қалғандарына өтемақы төленбейді. Айта кетейік, 1 дәрігердің халі әлі ауыр жағдайда, ал 9 медициналық қызметкердің денсаулығы орташа  ауыр деп бағаланып отыр. Халықтың басым бөлігі дәрігерлердің барлығына өтеамқаы мен сыйақы тең берілуі керек деген пікірде.  

Блиц:

– Өз жанын сақтамай, біреудің өмірі үшін күресіп жатыр. Бала-шағасын тастап, күні-түні жұмыста. Әрине, дұрыс.

– Медперсоналдарды түр-түріне бөліп қойған. Ең төменгілеріне сыйақы бермей жатыр. Қателеспесем, беру туралы әлі ойда жоқ. Бірінші шептегі дәрігерлерге беріледі. Қалған кіші медиктерге  аз беріледі.  

Бүгін әлеуметтік желілерде қазақстандық дәрігерлердің қорғаныс құралдарының жоқтығынан полителенді пакетке оранып қорғануға мәжбүр деген видео таралған еді. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі бұл жағдайды растады. Оқиға Тараз қаласында түсірілген. Дегенмен бұл инфекционист дәрігерлер емес, үкіметтік емес ұйым қызметкерлері болып шыққан.

Асылбек Тойбек, "Алматы" арнасы